KZ
Өскемен
+7°
переменная облачность жел 3 м/с, С
504.44 545.65 5.95

Катонқарағайда халықаралық әуежайдың құрылысы басталды (видео)

28.03.2025, 18:00 312 Төлеуғазы Жансая


Шығыс Қазақстан облысының ең көрікті өңірлерінің бірі – Катонқарағай ауданында жаңа халықаралық әуежайдың құрылысы басталды. Бұл жоба Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады.

Құрылыс жұмыстарының басталуымен ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев пен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов танысты. Жоспарға сәйкес, 2026 жылы әуежай алғашқы жолаушыларын қабылдайды.

Катонқарағай – Алтай таулары мен ұлттық табиғи паркі бар ерекше аймақ. Жаңа әуежай ішкі әуе қатынасын ғана емес, шекаралас елдермен байланыс орнатуды да жеңілдетеді. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2200 метрді құрап, ATR-72 және Bombardier Q400 сынды сыйымдылығы 80 жолаушыға дейін жететін әуе кемелерін қабылдай алады. Кейіннен ұшу-қону жолағы 3000 метрге дейін ұзартылып, ірі лайнерлерге қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылмақ.

– Катонқарағай ауданында әуежай салу – өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Келесі жазғы маусымда тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз етіп, саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек, – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

Бірінші кезеңде Катонқарағайдан Өскемен, Алматы және Астана қалаларына тікелей рейстер ашу жоспарланған. Сонымен қатар, Қытайдың Қанас, Үрімжі және Алтай қалаларына халықаралық бағыттарды іске қосу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жаңа бағыттарға қызмет көрсету үшін Қазақстанға үш қосымша ATR-72 ұшағын сатып алу қарастырылып отыр.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, әуежайдың ашылуымен өңірге туристер ағыны бірнеше есе артады. Бұл қонақ үй бизнесінің дамуына және қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

– Катонқарағай – елдегі ең қиын жететін аймақтардың бірі. Әуежай іске қосылғаннан кейін жолға кететін уақыт едәуір қысқарады. Бұл туристер үшін ғана емес, жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін де өте маңызды, – деп атап өтті облыс әкімі.

Катонқарағай әуежайының алғашқы рейстері 2026 жылдың жазында орындалады деп күтілуде. Бұл Қазақстанның туристік картасына қосылатын жаңа маңызды нүкте болмақ, әрі өңір экономикасының дамуына тың серпін береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу