Алтайға әп сәтте жетпекпіз
Фото: pexels.com
Алтай туризмнің төріне айналып келеді. Сондықтан да туристерге қолайлы жағдай жасап, талапқа сай қызмет көрсетудің маңызы зор. Алдағы уақытта Катонқарағай ауданында әуежай салынып, Алтайға жетудің жолы жеңілдемек.
– Әуежай салу үшін «Өскемен – Рахман қайнары» автомобиль жолының жанындағы Солдатово және Өрнек елді мекендері арасындағы жер учаскесі таңдалды. Құрылыс орнынан Катонқарағай ауылына дейінгі қашықтық 38 шақырымды құрайды. Ал Үлкен Нарынға дейін 54 шақырым көлікпен жүріп өту керек, – деді ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Қуаныш Акрамов.
Алдағы уақытта «Омск – Майқапшағай» автомобиль жолының маңында орналасқан бұрынғы Сәтбай әскери әуе айлағының жер учаскесінде әуежай бой көтереді. Бұл өз кезегінде Зайсан мен Тарбағатай аудандарының тұрғындары үшін тиімді болмақ.
– Бастапқы кезеңде сыйымдылығы 80 жолаушыға дейінгі Fokker 50, Bombardier CRJ-200, Bombardier Q400, Embraer EMB 120ER және басқа да ұқсас үлгідегі әуе кемелері үшін ұзындығы 2200 метр ұшу-қону жолақтары бар әуежайлар салу жоспарлануда. Болашақта әуе қатынасына сұраныс артса ұшу-қону жолақтарының ұзындығы сыйымдылығы 180 жолаушыға дейінгі В-737, А-321, А-320 ұшақтарын пайдалануға лайықталып ұзартылатын болады, – деді Қуаныш Акрамов.
Ажар Сағатпекова
Оқи отырыңыз