ШҚО мен Алтай өлкесі – шекаралас өңірлердің ынтымақтастығы арта түсті (видео)
Ресейдің көршілес шекаралық өңірінен келген делегация «Во все века» халықаралық гастрольдік жобасы аясында Өскеменде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар өткізеді. Делегация мүшелері Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде қабылданды. Жиын барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен басым бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесуден кейін делегация сапар бағдарламасы бойынша жұмыстарын жалғастырды.
Ол ШҚО көршілес достық қарым-қатынасты сақтап, дамытуға мүдделі екенін айтып, өзара тиімді өңіраралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, өнеркәсіп, туризм, мәдениет және спорт салалары назарда тұр.
Алтай өлкесі Үкіметі төрағасының орынбасары Виталий Снесарь көрсетілген қонақжайлылық үшін алғысын білдіріп, аталған салалардың барлығында ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ, ол Алтай өлкесінің «Біздің ортақ үйіміз – Алтай» халықаралық үйлестіру кеңесіндегі төрағалығын ШҚО-ға табыстауға әзір екенін мәлімдеді. Бұл бірлестік құрамына Ресей, Моңғолия, Қытай және Қазақстан кіреді.
Айта кетейік, сапар барысында делегация мүшелері «Жеңіс» мемориалдық кешеніне барып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Ал кешке «Ертіс концерт» сахнасында «Во все века» атты концерттік бағдарлама өтеді. Шараға Е. Борисов атындағы Алтай мемлекеттік орыс халық аспаптары оркестрі, А. Березиков атындағы «Алтай» мемлекеттік жастар ән-би ансамблі және қазақстандық солист-әртістер қатысады.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников