KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
494.63 583.22 6.42

KFW OSKEMEN: Шығыстың сәнге серпін берер сәті туды (видео)

23.05.2025, 19:30 337 Айна Бакимбаева

Ертең Өскемен қаласында өтетін Kazakhstan Fashion Week Oskemen сән апталығы – өңір үшін ғана емес, күллі еліміздің сән индустриясы үшін маңызды оқиға. Бұған дейін тек Алматы мен Астана төрінде өткен сән апталығы енді Шығысқа келіп, талантты дизайнерлерге жаңа мүмкіндік, жаңа сахна ұсынып отыр. Қазақстандық, грузиялық, тәжікстандық, ресейлік белгілі дизайнерлер мен байерлер баспасөз мәслихатында ертең көрсетілетін топтамалары және алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылар Kazakhstan Fashion Week Oskemen сән апталығы жай ғана сән көрсетілімі емес, бұл – отандық fashion индустрияны дамытатын институт екенін атап өтті.

Қазақстандық, грузиялық, тәжікстандық, ресейлік танымал дизайнерлер мен байерлер бас қосқан бұл апталық өңірдегі сән әлемінің жаңа дәуірін бастап отыр. Шығысқа Kazakhstan Fashion Week жобасының негізін қалаушы Алексей Чжен, Georgia Fashion Week авторы Тинатин Магалашвили, Tajikistan Fashion Week өкілі Тохир Ибрагимов және басқа да атақты дизайнерлер келді.

Қонақтарды Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит құттықтап, алдағы сән көрсетіліміне сәттілік тіледі.
Kazakhstan Fashion Week Oskemen жобасының жетекшісі Лилия Каирова айтулы шараның өтуіне атсалысқан барлық қолдаушыларға алғысын білдірді.

– Бұл күндері Өскемен қаласы біртұтас сән шаһарына айналады. Сән апталығының өтуіне қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, барлық серіктестерге, іскер әйелдер қауымдастығына алғысымды білдіремін. Біздің бастамамызға қолдау танытып, алыстан келген дизайнерлер мен отандық жас дизайнерлерге ризашылығым шексіз. Олардың әрқайсысы – бір-бір жұлдыз. Еліміздің сән индустриясын дамыту солардың қолында, – деді Лилия Каирова.

Дизайнерлер – мәдениетті алға сүйрейтін жандар. Олар – жұлдыздарды киіндірушілер, стиль мен уақытты бейнелейтін өнер иелері.

– Сондықтан біз олардың шығармашылығын, армандарын, бизнесін қолдауға әрдайым дайынбыз, – деді ұйымдастырушылар.

Айта кетерлігі, сән апталығы еліміз үшін бұрыннан таныс формат болса да, Өскемен үшін бұл – тың қадам, үлкен мүмкіндік. Әсіресе соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысы туризм мен креативті индустрияны дамытуға ерекше назар аударып, осы бағытта түрлі бастамаларды қолдап келеді. Солардың бірі – дәл осындай халықаралық сән апталығы. Бұл жоба киім дизайны, сән өнері, зергерлік және қолданбалы өнермен айналысатын жергілікті шеберлер мен кәсіпкерлер үшін таптырмас алаң болып отыр. Өнімін кең аудиторияға ұсынғысы келетін, ұлттық нақышты заманауи үрдістермен ұштастыра алатын авторлар үшін бұл – өзін танытудың, дамудың және өрлеудің сәті.
Жергілікті дизайнерлер де назардан тыс қалған жоқ. Солардың бірі – сән апталығына қатысуға жолдама алған шығысқазақстандық дизайнер, SHOLPAN ATELIER брендінің авторы Бота Якупова.

– Мен негізінен кешкі сән киімдерін және қалыңдық көйлегін тігемін. Егер Астана, Алматы сияқты мегаполистермен салыстырсақ, біздің қыз-келіншектер ұлттық дәстүрлерімізді, өңірге тән ерекшеліктерді сақтауды қалайды, – деді дизайнер.

Ресейлік Artmasterr бренді этно-кэжуал стилінде жұмыс істейді.

– Біз “ақылды сәнді” қолдаймыз және саналы тұтынуға басымдық береміз. Киім тігуде қайта өңделген материалдарды пайдаланамыз, ескі киімдерге жаңа өмір сыйлаймыз, – деді ресейлік арт-дизайнер Алена Сикорская.

NEW GENERATION – OPEN WAY-2024 халықаралық байқауының жеңімпазы, алматылық дизайнер Аяжан Нұрбек – Жүргенов академиясының студенті. Соған қарамастан, сән әлемінде өз орнын алып үлгерген жас дизайнер ертең өз топтамасын жұртшылық назарына ұсынбақ.

– Менің коллекциямның басты мақсаты – жаңа футуризм мен ішкі бір құпиялылықты көрсету. Топтамамда қара, қоңыр және сұр түстерді қолданамын. Осындай қанық бояулар арқылы адамның ішкі тылсым әлемін бейнелегім келді. Өткен маусымда мен үлкен көзілдіріктерді де пайдаланғанмын, – деп бөлісті бізбен Аяжан Нұрбек.

Бұл апталық – жыл сайынғы дәстүрге айналатын, жаңа есімдер мен тың жетістіктерге жол ашатын ауқымды жоба. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Өскемен енді Қазақстандағы басты сән алаңдарының біріне айналмақ.

– Біздің мақсатымыз – жергілікті таланттарды елге, тіпті әлемге таныту. Келесі қадам – өңірлердегі талантты дизайнерлердің басын қосатын мегаполис – Алматы подиумдары мен халықаралық сән сахналары, – дейді жоба жетекшілері.

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу