ШҚО-да Ұлттық киім күні аталып өтті (видео)
Бүгін Өскемен мен Риддер қалаларында Ұлттық киім күніне арналған думанды шаралар өтті. Бұл мереке қазақтың бай мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеуге арналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен қаласындағы Республика алаңында тігілген бас киіз үйде жергілікті шеберлердің ұлттық киімдер сән көрсетілімі өтті. Қазақы нақышта безендірілген ерекше үлгілер қала тұрғындарының қызығушылығын оятты. Шара барысында дәстүрлі киім үлгілері мен заманауи сәннің үйлесім тапқан жаңа топтамалары ұсынылды. Келген қонақтар қазақ мәдениетінің бай мұрасын бейнелейтін ерекше қолөнер туындыларын тамашалады.
Ал Риддер қаласында өткен «Этно Fashion Show» байқауы да көпшіліктің назарын аударды. Байқауға қатысушылар қазақтың дәстүрлі киімін жаңаша үлгіде ұсынып, тарихи ерекшелікті қазіргі сәнмен үйлестіре білді. Мәдениет сарайында өткен шараға әртүрлі ұйым өкілдері қатысып, қазақ халқының болмысын айқындайтын киім үлгілерін паш етті.
Байқауға қаланың қоғам белсенділерінен құралған қазылар алқасы бағасын берді. Киімдердің тек дәстүрге сай келуі ғана емес, олардың ерекшелігі, сәндік үйлесімі және орындалу сапасы да ескерілді. Әсіресе, образдың әсемдігі мен жарасымдылығына мән беріліп, қазақы нақышты айқын жеткізген қатысушыларға қосымша ұпай берілді.
Шараның шарықтау шегі финалдық сән көрсетілімі болды. Подиуммен ұлттық киім үлгілерін киген нәзік жандылар жүріп өтті. Кеш соңында жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Фото/видео: Жібек Нұрахмет