Тарбағатайда жанармай бекеттері салынып, ет комбинаты іске қосылады
Тарбағатай ауданында биыл екі жанармай құю бекеті салынады. Сонымен қатар, ет комбинаты мен балық зауыты жобалары қолға алынып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімінің орынбасары Марат Қызов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жанармай тапшылығы – өзекті мәселе
Бүгінде ауданда жанармайға байланысты мәселе өзекті болып тұр. Кейбір тұрғындар отынды үйінен сатып, қауіпсіздік талаптарын бұзуға мәжбүр. Сонымен қатар, бұл жанармай бағасын өсіріп, қарапайым халыққа ауыр соғуда.
Оның айтуынша, жақын арада жағдай өзгереді. «ҚазМұнайГаз» компаниясы ауданда екі жанармай бекетін салады. Бірі – Тұғылдан 5 шақырым жерде, Омбы–Майқапшағай күре жолының бойында. Екіншісі – Ақжар ауылынан шыға берісте орналасады. Қазір құрылысқа дайындық жүріп жатыр. Екі нысан да 2025 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған.
Ет комбинаты мен балық зауыты – ірі жобалар
Брифингте тілшілер былтыр жоспарланған ет комбинаты мен балық зауыты туралы да сұрады. Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, балық зауытының құрылысы әзірге басталған жоқ. Дегенмен, бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. «Тарбағатай Агро» компаниясы 1700 гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесін орнатып, Қарсақбай маңында инфрақұрылым жасап жатыр.
Ал ет комбинаты жобасы толық дайын. Құны – шамамен 4 миллиард теңге. Бұл – заманауи зертханасы бар, халықаралық стандарттарға сай, экспортқа бейімделген кәсіпорын болмақ. Ирандық инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Қазір қаржыландырудың 30%-ы кәсіпкердің өз қаражатынан қарастырылған, қалған бөлігі бойынша келіссөздер жүріп жатыр.
Фото: Жібек Нұрахмет