Күршімде бензин жоқ: кәсіпкерлер палатасы жағдайды түсіндірді
Күршім ауданының тұрғындары бензин тапшылығына шағымданды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Жанармай бекеттері 10 литрден ғана береді. Кейде ол да жоқ. Бірде түстен кейін шығып, бірде-бір бекеттен жанармай таппай келдім. Барлық жерде «бензин жоқ» деген жазу тұр. Бір айдан бері осылай, – деп шағымданды жергілікті тұрғын.
Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселе ауданның шалғайда орналасуынан туындап отыр, дейді.
– Күршімге апарар жол алыс. Асулар мен паром өткелі бар. Сондықтан бензин тасымалына қойылатын талап қатаң. Осыған байланысты жанармай ауданға кешеуілдеп жетуі мүмкін. Бірақ бұл, меніңше, бір күндік проблема. Бензин бүгін болмаса, ертең міндетті түрде болады. Бұл шалғайдағы аудан үшін циклді мәселе деуге де болады, – дейді ШҚО Кәсіпкерлер Палатасының АӨК бөлімінің басшысы Данияр Әкімбаев.