Өскеменде күзгі әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салды
Өскеменде күзгі әскерге шақыру науқанына орай 20 жас сарбазды шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті алаңында ұйымдастырылған шараға ата-аналар, ардагерлер, әскери қызметкерлер және қала тұрғындары қатысты. Мерекелік көңіл-күйде өткен жиын жас буынға Отан алдындағы борыштың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Сарбаздарға сөз арнаған жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айдос Әділбеков елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.
ШҚО бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің өкілі, полковник Жұмахан Әділбековтің айтуынша, биылдың өзінде Зайсан мен Күршім аудандарындағы шекара бөлімшелеріне 500-ден астам сарбаз жіберілмек. Оның ішінде 138 жігіт әскерге аттанса, бүгінгі шарада тағы 20 жас әскер қатарына қосылды.
Ардагерлер ұйымының төрағасы Талғат Қалиғожин жас сарбаздарға сәттілік тілеп, әскери қызметтің ел қорғаудағы маңыздылығын айтты . Әскерге аттанушылардың арасында елордадан келген Әбілмансұр да бар. Оның анасы Гаухар Мажинова ұлын мақтан ететінін жеткізді.
Сарбаздардың ата-аналары перзенттеріне ақ батасын беріп, жүрекжарды тілектерін айтты.
Жас сарбаздар да өз ойларымен бөлісті.
Шара шағын концертпен аяқталды. Артынша сарбаздар салтанатты түрде Зайсан ауданына жөнелтілді. Олар әрі қарай шекара заставаларына бөлініп, мемлекеттік шекараны қорғауға кіріседі.
Дамир Омаров
Фото: Александр Шушеньков
Видео: Жалгас Сақадиев









