Шығыстың жігіттері қазақ-қырғыз шекарасын күзетуге аттанды
Шығыстың 30-дан астам жігіті қазақ-қырғыз шекарасын күзетуге Жамбыл облысына аттанды.
– Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімге 35 жігіт барады. Сарбаздар жарты жыл сол жерде арнайы курстан өтіп, механик, командир сынды әскери мамандықтарды меңгеріп шығады. Ары қарай әр түрлі бөлімдерге жөнелтіледі, – деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Қайырбек Қайырқанов.
Полковниктің айтуынша, жас сарбаздарды әскерге шығарып салуға арналған осы іс-шара облыстың қорғаныс департаментінің 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
– 1939 жылдың 19 қарашасында Қазақ ССР-і халық комиссариатының нұсқауымен Өскеменде облыстық әскери комиссариат құрылды. Ол 2003 жылдың 7 мамырында Президент жарлығымен қорғаныс істері жөніндегі департамент болып өзгерді. Бүгінде департамент азаматтарды әскерге шықыру, қарулы күштердің қызметкерлерін жан жақты қамтамасыз ету, жастарды патриоттылыққа тәрбиелеу, әскери есепке тұрғызу, әскери қызметтен зейнетке шыққандарды қамтамасыз ету сынды көптеген қызметтерді атқарады, – деді Қайырбек Қайырқанов.
Осы екі мереке «Ертіс концерт» мәдениет үйінде кең көлемде аталып өтті.
– Мемлекетіміздің қарулы күштерінің қатары бүгін нағыз патриоттармен толықты деп есептейміз. Сіздер даңқты қарулы күштеріміздің дәстүрін үзбей, абыроймен жалғастыра алатындарыңызға сенеміз. Ұлт қауіпсіздігі – болашақ кепілі. Бүгін сіздер еліміздің басты құндылығы – бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық деген қасиетті міндеттерді мойынға алып отырсыздар, – деген облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головотюк жиынға қатысып отырған әскери қызмет ардагерлерін де қорғаныс департаментінің 80 жылдығымен құттықтады.
Оның айтуынша, биыл күзгі шақырылымда 1241 жас әскерге шақрылса, соның 270-і шекара күзетіне жөнелтілген.
Сарбаздарды шығарып салу салтанатына қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары, университеттердегі әскери кафедраның курсанттары қатысты. Олардың арасында қаруды бұзып, қайта жинаудан сайыс өтті.
– Қазіргі таңда әскерге баруға ниеттілердің саны азайған. Сондықтан да қорғаныс департаментімен бірігіп, түсіндіру шараларын жүргізуді бастадық. Бүгінде жастарға әскери өмірді жақыннан көріп, танысуға мүмкіндік туғызып отырмыз. Жақыннан көрген жастардың қызығушылығы артатыны мәлім, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекова.
Іс-шара патриоттық әндер әуелеген мерекелік концертке ұласты.