Алтай ауданында полиция есебінде тұрған жасөспірімдер саны азайды – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның 2025 жылдағы қызмет қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кеңес барысында аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Жанна Асқарова жасөспірімдер қылмысының алдын алу және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы ахуалды жан-жақты талдады. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарымен, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелерімен бірлесіп жүргізілген профилактикалық жұмыстар нақты нәтижесін берген.
Атап айтқанда, 2024 жылы мектепішілік бақылауда тұрған 41 жасөспірімнің саны 2025 жылы 32-ге дейін төмендеген. Бұл бағытта Алтай қаласындағы №6 және №7 мектептердің, сондай-ақ Сағадат Нұрмағамбетов атындағы орта мектептің педагогикалық ұжымдарының жүйелі әрі белсенді жұмысы ерекше атап өтілді.
Ал аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Данияр Дайыровтың мәліметінше, құқық қорғау органдарының есебінде тұрған жасөспірімдер саны да едәуір азайып, 41-ден 12-ге дейін қысқарған.
Комиссия мүшелері кәмелетке толмағандармен жұмыс барысында туындайтын бірқатар өзекті мәселеге де тоқталды. Олардың қатарында балалардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік жағдайлары, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған балалардың мінез-құлқы бар.
Кеңесті қорытындылаған Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев жасөспірімдер қылмысының алдын алу мен балалардың құқықтарын қорғау ісінде кешенді және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ауданда «қолайсыз отбасы» санаты бойынша 43 отбасы есепте тұрғанын, әр жанұяда 99 бала тәрбиеленіп отырғанын еске салды. Аудан басшысы қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды дер кезінде анықтау және олармен тиісті жұмыс жүргізу ісінде әр құзырлы органның жауапкершілігі зор екенін нықтады.
Жиын соңында комиссия мүшелері 2026 жылға арналған басым міндеттерді айқындады.




