4,5 млрд теңге: фармацевтика саласындағы ірі алаяқтық әшкереленді
Қазақстанда медициналық жабдықтарды отандық өнім ретінде көрсетіп, мемлекеттен миллиардтаған теңге пайда тапқан қылмыстық схема әшкереленді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті фармацевтика саласындағы заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойып, ірі қаржылық алаяқтықтың жолын кесті, деп хабарлайды Altainews.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне сәйкес, «OrdaMed» АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісі бар екені жөнінде жалған құжаттарды пайдаланған. Осылайша олар халықтың денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 атаудағы медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған.
Алайда іс жүзінде бұл медициналық жабдықтар шетелден дайын күйінде жеткізілген. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал көлемі 4,5 млрд теңгені құраған.
Тінту шаралары барысында «OrdaMed» АҚ басшылығынан жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді. Сондай-ақ «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынды.
Сот санкциясымен «OrdaMed» АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Фото: видео кескіндемесі



