Атырауда 200 млрд теңгені заңсыз айналымнан шығарған қылмыстық топтар ұсталды
stock.adobe.com
Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен Атырау облысында ауқымды жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражатты заңсыз шығару фактілері анықталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тергеу барысында бес қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Олар жалған құжаттар жасап, елдің бірнеше қаласында — Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа өңірлерде жоқ стоматологиялық клиникаларды ресми тіркеген. Бұл ұйымдардың ғимараты да, жабдығы да, мамандары да болмаған. Құрылтайшылардың медициналық білімі жоқ болып шықты.
Күдіктілер азаматтардың зейнетақы жинақтарын шешіп беру үшін жалған медициналық құжат рәсімдеп, алынған қаражаттан 10-20 пайыз көлемінде сыйақы ұстап отырған. Ақшаны қолма-қол ету мақсатында олар 226 «дропперді» пайдаланған. Жалпы сомасы 200 миллиард теңгеден асатын қаржы айналымнан шығарылған.
Жиналған ақшаға 600 миллион теңгеден асатын 15 қымбат көлік (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade), сондай-ақ зергерлік бұйымдар, пәтерлер, коммерциялық нысандар мен жер телімдері сатып алынған.
Қазіргі таңда 59 тінту жүргізіліп, 10 күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда, қылмыстық жолмен табылған мүлікті іздестіру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару схемасына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмайтынын мәлімдеді. Жауапкершілік тек ұйымдастырушыларға жүктеледі.
Сонымен бірге, ұсталғандардың қорғану құқығы шектелмегені атап өтілді. Барлық процессуалдық әрекеттер заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Егер күдіктілер немесе адвокаттары агенттік қызметкерлерінің әрекетіне келіспесе, сотқа немесе прокуратураға шағымдана алады.