Қазақстандық хоккейші қыздар әлем чемпионатында үздіктер сапында
Стамбул қаласында 18 жасқа дейінгі қыздар арасында шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Екінші дивизионның А тобында өткен додаға Қазақстан, Латвия, Түркия, Жаңа Зеландия, Нидерланды және Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері қатысты. Ұлттық құрама үздіктер сапында бой түзеп, күміс жүлдені қанжығаға байлады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Қазақстанның жас хоккейшілері турнир барысында жоғары дайындық пен нағыз командалық рухтың үлгісін көрсетті. Топтық кезеңде ұлттық құрама Жаңа Зеландияны — 13:2, Латвияны — 9:1, Түркияны — 5:1, Нидерландыны — 7:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды.
Алтын жүлде үшін өткен шешуші ойында қазақстандық қыздар Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Тартысты өткен матчта ұлттық құрама қарсыласына 1:5 есебімен жол беріп, нәтижесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Бұл жетістікте «Торпедо» хоккей клубының өкілдері де маңызды рөл атқарды. Атап айтқанда, бас бапкер Мария Федоренко, қақпашылар жаттықтырушысы Дарья Дмитриева, қақпашы Мария Яковлева, қорғаушылар Ульяна Куклина мен Ева Иншакова, сондай-ақ шабуылшылар София Зубкова, Томирис Саяхатқызы, Злата Попова және Айдана Рахатқызы ұлттық құрама сапында ел намысын абыроймен қорғады.
Айта кетейік, бұл нәтиже қазақстандық қыздар хоккейінің даму қарқынын, жас спортшылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетті. Күміс жүлде — болашақтағы ірі жеңістерге бастайтын маңызды қадам.
Фото: ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы




