KZ
Өскемен
-9°
туман жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Қазақстандық спортшылар әлемдік додаларда топ жарды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

5.02.2024, 15:36 319 Оразай Жеңісұлы

Өткен аптада қазақстандық спортшы халықаралық додаларда бірқатар жетістікке жетті. Отандастарымыздың жеңісті жолына Туризм және спорт министрлігі шолу жасады, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.

Су спорты: Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан су спорт түрлерінен әлем чемпионатында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова әртістік жүзуден алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстанның су спорты түрлерінен әлем чемпионатында иеленген алғашқы алтыны.

Конькимен жүгіру: Жапонияның Хатинохе қаласында мәресіне жеткен конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем кубогінің кезеңінде Қазақстан спортшылары үздіктер қатарынан көрінді. 1000 метрге жарыста нео-сеньор санатында Ұлттық құраманың 2 спортшысы жүлдеге қол жеткізді. Маргарита Артемьева 2-ші нәтиже көрсетіп, күміс жүлдегер атанса, Мария Кузнецова қолаға ие болды. Қыздар арасындағы командалық нео-сеньорлар жарысында ұлттық құрама спортшылары топ жарса, жасөспірім қыздар санатындағы ұлттық құрама күміс жүлдеге ие болды. Ал жасөспірім ұлдар және нео-сеньор бәсекесінде жерлестеріміз қола жүлдегер атанды.

Сонымен қатар Канаданың Квебек қаласындағы ересектер арасындағы Әлем кубогінің кезекті кезеңінде жерлестеріміз алғаш рет командалық спринтте қола жүлдеге қол жеткізді. Аталған бәсекеде ел намысын Екатерина Аидова, Инесса Шумекова және Алина Дауранова қорғаған болатын.

Теннис: Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Монпельеде (Франция) өткен ATP 250 турнирінің жеңімпазы атанды. Ол финалда әлемдік рейтингте 37-орында тұрған хорватиялық Борна Чоричпен шеберлік байқасып, үш сетке жалғасқан матчта 5:7, 6:3, 6:3 есебімен қарсыласынан басым түсті.

Бокс: Испанияның Ла Нусия қаласында ұйымдастырылған бокстан Boxam Elite-2024 турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды. Бас жүлде үшін өткен бәсекеде Жазира Орақбаева (52 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) топ жарып, жарыс жеңімпазы атанды. Ал Әйгерім Сатыбаева (48 кг), Назым Қызайбай (50 кг), Әнел Сақыш (54 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Мәдина Нұршаева (70 кг), Гүлсая Ержан (75 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді.

Семсерлесу: Швейцарияның Базель қаласында өткен семсерлесуден Әлем кубогінде Қазақстан құрамасының спортшылары шпага бәсекесінде күміс жүлдегер атанды.

Нысана көздеу: Никита Чирюкин Каирдегі Əлем кубогінде күміс жүлде жеңіп алды. Ол 25 метрден тапаншамен жылдам нысана көздеуде тек Оңтүстік Корея спортшысы Сон Жун Хоға есе жіберді. Никитаның еншісінде – 31, ал жеңімпазда – 37 ұпай. Қола жүлде алған Флориан Петер (Германия) 27 рет дөп тигізді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу