Тарихи жетістік: Өскеменнің «Торпедо» клубы Құрлықтық кубоктың күміс жүлдегері атанды
Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы өз тарихында тұңғыш рет Құрлықтық кубокта күміс жүлдеге қол жеткізді. 2025–2026 жылғы маусымның финалдық кезеңі Англияның Ноттингем қаласында өтіп, қазақстандық клуб халықаралық аренада жоғары деңгейде өнер көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Турнирдің шешуші ойындарында өскемендік хоккейшілер шеберлік пен жігердің үлгісін танытты. «Торпедо» Данияның «Хернинг Блю Фокс» командасын 6:2 есебімен айқын басымдықпен жеңсе, Францияның «Дюк д’Анже» клубымен болған тартысты кездесуде овертаймда ғана 2:3 есебімен есе жіберді.
Ал алтын жүлде үшін өткен финалда қазақстандық клуб жарыс қожайындары — Ұлыбританияның «Ноттингем Пантерз» командасымен мұз айдынында жолықты. Тартысқа толы ойын 4:2 есебімен британдық ұжымның пайдасына аяқталды. Осылайша, «Торпедо» турнир қорытындысы бойынша Құрлықтық кубоктың күміс жүлдесін иеленді.
Бұл нәтиже — клуб тарихындағы Құрлықтық кубоктағы ең жоғары жетістік. Бұған дейін өскемендік команда 2007–2008 жылғы маусымда қола жүлдемен шектелген еді.
Құрлықтық кубоктағы күміс медаль тек «Торпедо» клубы үшін ғана емес, жалпы қазақстандық хоккей үшін де зор маңызға ие. Бұл жетістік отандық клубтардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетті.