ƏЧ-2019: Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея хоккейшілерінен басым түсті
Ұлттық құрама хоккейшілері қатарынан үшінші ойында жеңіске жетті. Осыдан біраз бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс-Арена» мұз айдыны сарайында Қазақстан мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы матч аяқталды.
Шайбалы хоккейден бірінші дивизион командалары арасындағы Әлем чемпионатының үшінші турында қазақстандықтар қарсыластарынан 4:1 есебімен басым түсті. Бұл матчта Қазақстан құрамасы сапында Павел Аколзин, Леонид Метальников, Дмитрий Шевченко мен Никита Клещенко көзге түсті.
Осы жеңісінен кейін Қазақстан құрамасы Беларусь командасымен бірге чемпионат көшін бастады. Бұл құрамалардың әрқайсысында әзірге тоғыз ұпайдан бар. Енді Андрей Скабелка шəкірттері беларустық хоккейшілерімен шеберлік байқасады. Аталмыш ойын 4 мамыр күні кешкі сағат 17:30-да басталады. Матчты «Қазспорт» арнасынан тамашалауға болады.
Айта кетейік, бірінші дивизионның А тобындағы командалар арасындағы жаһандық біріншілік 5 мамырға дейін жалғасады. Аталмыш додада біздің құрамаға Беларусь, Литва, Мажарстан, Оңтүстік Корея мен Словения құрамалары қарсылас атануда. Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші және екінші орын алған құрамалар келер жылы жоғары дивизионда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болмақ.