Оңтүстіктен Шығысқа қоныс аударушыларға кәсіп бастауға грант беріледі
Шығыс Қазақстан облысында халықты жұмыспен қамту және өңірге еңбек ресурстарын тарту бағытындағы жоспарлар таныстырылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде салалық ведомстволардың өкілдері 2026 жылға арналған негізгі міндеттер мен болжамдарды ортаға салды, деп хабарлайды Altainews.kz.
ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Сауле Зарлықтың айтуынша, өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді.
Оның сөзінше, 2025 жылдың қорытындысы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін айқын көрсеткен. Өткен жылы өңірде 28 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгеймен сәйкес келеді.
Халықпен тікелей жұмыс жүргізу тетіктері туралы ШҚО еңбек мобильділігі орталығының директоры Арайлым Есімбекова баяндады. Оның айтуынша, облыс аумағында бүгінде 13 мансап орталығы жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, ол субсидияланатын жұмыс орындарының маңыздылығына тоқталды.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау да жұмыспен қамтудың маңызды бағыты болып отыр. 2025 жылы әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындарға 258 қайтарымсыз грант берілген.
Брифинг барысында мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл санаттағы азаматтар үшін квоталар белгіленіп, арнайы бейімделген жұмыс орындары құрылуда. Аталған жұмыс алдағы жылы да жалғасын табады. Ерікті қоныс аудару бағыты бойынша да нақты жоспарлар бары айтылды.
Оның айтуынша, Оңтүстіктен Шығыс Қазақстанға көшіп келетін азаматтар мен қандастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап қоныс аударушылар мен қандастарға баспана сатып алуға берілетін біржолғы мемлекеттік төлем көлемі артатыны айтылды.
Жалпы, 2026 жылы өңірде жұмыспен қамту саясаты жастарды, 50 жастан асқан азаматтарды, мүгедектігі бар адамдарды және әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталады. Жоспарға сәйкес, 8 301 адамды бос жұмыс орындарына орналастыру, 3 205 субсидияланатын жұмыс орнын құру, 440 адамды қысқа мерзімді кәсіби оқыту және 300 грант беру көзделген.


