Аягөзде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюк іс-сапармен Аягөз ауданына келді. Іс-сапар барысында орталық жылу қазандығы, политехникалық колледж студенттеріне арналған 104 орындық жатақхана және көп балалы аналарға арналған 2 пәтерлі 10 тұрғын үй құрылыс жұмыстарымен танысты және Аягөз қаласының ауданаралық ауруханасы мен «Қазығұл» емдеу мекемесінің пандемияға қарсы дайындық жұмыстарымен танысты.
«Қазығұл» ауруханасы 1930 жылдан бастап жұмыс істейді. Мекемеде отбасылық-дәрігерлік амбулатория, консультативтік-диагностикалық емхана, стационар бөлімдері бар. Орталық жылу қазандығы 1975 жылы салынған. «Перспективная технология» ЖШС арқылы орталық қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталық қазандығынан жылу алатын тұрғындардың жалпы саны 3200-ден астам адамды қамтиды.
Аягөз қаласында ШҚО Білім басқармасының тапсырмасымен Аягөз политехникалық колледж студенттеріне арналған 104 орындық 5 қабатты жатақхана ғимаратының құрылысы 2020 жылдың маусым айынан басталған. Жатақхана құрылысына жауапты мердігер «Востокстрой» компаниясы. Жатақхана құрылысын пайдалануға беру 2021 жылға жоспарланған. Жалпы Аягөз политехникалық колледжінде 390 студент оқиды. Ауқымды жоба толықтай іске асқан уақытта басқа аудандардан және ауылдық округтерден келген 104 студент жатақханамен қамтылады деп жобалануда.
Аягөз қаласында алғаш аурухана 1928 жылы құрылған екен. Бүгінде заман талабына сай медицина қызметкерлері жыл сайын біліктілігін арттырып, арнайы курстардан өтіп отырады. Биыл орталық ауданаралық ауруханада ангиографтық-диагностикалық аппараты орнатылып, екінші деңгейдегі кардиологиялық орталық ашылды. Сол сияқты орталық емханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге де қомақты қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған.
Биыл ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен облысымызда бірқабатты қос пәтерлі тұрғын үйлер салу жобасы аймақта қарқынды түрде іске асып жатқанын айта кеткен жөн. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес осы бір игілікті іс аудан аумағында да орын алуда. Атап айтар болсақ, Аягөз қаласында екі пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылдың 1-тамызынан бастау алған. Ағымдағы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілген жоба жұмысы қарқынды. Баспана басты қажеттілік деп айтатын болсақ, жақын уақытта жиырма көпбалалы ана қуанышты қоныс тойын тойлайтын шаттықты шақтың жақын екенін айта кеткен жөн.
«Қала таза, дамып көркейіп келе жатқаны бірден көрінеді. Мен бүгін қала үшін стратегиялық маңызды нысандарды тексердім. Бірінші кезекте ауруханалар мен жылу қазандықтарының жұмысын қарап шықтым. Жылу қазандығы жақсы жағдайда. Менің ойымша қыс мезгілінде тұрғындардың үйі жылы болады. Жалпы құрылыс жұмыстарының қарқынына ризамын. Ауруханалардың да коронавирустық пандемияға дайын екендігіне көз жеткіздім» деп облыстық маслихат хатшысы аудандағы жұмыстарға оң бағасын берді. Ауруханалар мен емдеу мекемелерінің пандемияға қарсы іс-шаралары нәтижелі жүргізілгеніне көз жеткізді. Жоғарыда аталынған нысандардың құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын атап өтті