Аягөздің аудандық газетіне 90 жыл
1930 жылдың 4-ші қазаны күні газетіміздің алғашқы саны жарық көрген екен. Яғни, бізге 90 жыл!
Күнмен күн астасып, аптаны аяқтап келесі аптамен қауышып, ай артынан ай жетіп, зулаған жылдар еншісінде сынаптай сырғыған жүйрік уақыт жүйткіп жүре берді. Ал, осы уақытпен үзеңгілесе жарысып, тіпті одан озбаса да қалыспайтын сол уақыттың тамырын ұстап, тынысын білдіріп отыратын ерекше бір күш бар. Ол-мерзімді баспасөз.
Кеңес үкіметі жылдарында, елімізде мерзімді баспасөздің үлкен тобы қалыптасып, дамыды. Сол кезеңде құрылған Аягөз ауданындағы «Жаңа ауыл» басылымынан жалғап, «Алға»-«Вперед», қазіргі «Аягөз жаңалықтары» газетінің тұңғыш саны жарық көргеніне биыл тоқсан жыл толды.
Өңірдің дамуымен өркендеп, аудан шежіресіне айналған, қалың оқырманның ықыласына бөленген бұл басылымның пайда болуы, қалыптасуы мен дамуы да түрлі кезеңдерді қамтиды. Ол Семей өңірінің тарихымен тығыз байланысты.
Жылнамамыздың парақтарында 1919 жылы желтоқсанның 1-жұлдызында сол кездегі Семей губерниясының орталығы - бүгінгі Семей қаласында қарулы көтеріліс болды. Осы қарулы көтерілістен кейін үш күн өткен соң, большевиктік сарында «Қазақ тілі» газетінің (қазіргі «Семей таңы») тұңғыш саны жарық көрді. Себебі, өкімет билігін қайта өз қолына алған әскери-революциялық комитеттің алғашқы алған шешімдерінің бірі -осы губерния орталығында қазақ тілінде газет шығару жайында еді. Қалада Совет үкіметі орнағанмен, Керекуден сонау Зайсанға дейін созылған ұлан-ғайыр Семей губерниясы әлі ақ гвардияшылар ойранында болатын. Адам төзбес қанау мен қорлық зардабын шеккен еңбекші бұқараны бұдан құтқарудың бірден-бір төте жолы - оларды күреске көтеру еді. Сол үшін қалада қазақ газетін шығару барынша қажет болды. Оның тұңғыш номері шұғыл түрде 3 күнде ғана әзірленіп, жоғарыда айтқандай, «Қазақ тілі» деген атпен шықты.
1928 жылдың 1-қаңтарында «Қазақ тілі» «Жаңа ауыл» деген атқа көшті. Бұл кезеңде елімізде социалистік бет-бұрыстар жасалып, бірқатар өзгерістер болды. Ауыл шаруашылығын коллективтендіру кезіндегі, мәдениет майданындағы табыстар дала бейнесін жаңартты, ел өміріне іргелі жаңалықтар әкелді.
1928 жылы Қазақ Советтік Социалистік Автономиялы Республикасында дербес әкімшілік реформасына орай аудандастыру науқанының аяқталуы мен 1930 жылы округтік басқарманың жойылуына байланысты мерзімді баспасөз де өзгерістерге ұшырады. Дәл осындай өзгерістерге ұшыраған республикадағы байырғы советтік баспасөздің бірі -Семей округтік газеті - «Жаңа ауыл» еді.
Қазақстанда округтік басқарым 1930 жылдың ортасында таратылды. Семей округін тарату алдында 1930 жылдың тамыз айында жұмыс сапарымен Семей қаласында болып, округтік партия комитеті бюросының мәжілісіне қатысып, сонда сөз сөйлеген Қазақ Өлкелік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин келешекте Семей қаласында тек орыс газеті қалатынын,
қазақ тілінде газет шығарудың қажетсіздігін алға тартып, сол кезде шығып тұрған «Жаңа ауыл» газеті редакциясын екіге бөліп, бірін Аягөз ауданына, екіншісін Зайсан ауданына жіберілуін талап етті.
Дәл осы пайымдау сол 1930 жылдың 29-тамызында болған Қазақ Өлкелік партиясы Орталық Комитетінің бюросы қаулысымен біржола бекіп, күшіне енді. Тіпті, «Жаңа ауыл» газеті жоғарғы партия орнының бұл шешімін күтпей-ақ, одан екі күн бұрын өзінің ең соңғы 1930 жылғы 27-тамыздағы санында «Газет екіге бөлінеді. Бұдан былай бір газет Аягөзде, бір газет Зайсанда шығады» деп оқырмандарына хабарлама жариялады. Ал, соңғы санының 3-бетінде «Округ жойылса, газет қайтеді?» деген мақала да басты. Мақала авторы сол кездегі округтік газеттің жауапты хатшысы, ал келешектегі Аягөз аудандық «Жаңа ауыл» газетінің тұңғыш редакторы Мұқсын Қордабаев (мақалаға Мұқсын деп қол қойған) болды.
Міне, осыдан бұрынғы «Жаңа ауыл» редакциясы мен оның баспаханасы екіге тең бөлініп, бірі Аягөзге, екіншісі Зайсанға біржола қоныс аударды. Мерзімді баспасөздің архивтік дерегіне қарағанда. («Жаңа ауыл», 1932 жыл, 10-тамыз), облыстық баспахана Аякөзге қоныс аударып, 1930 жылдың 9-қыркүйегінде өзінің алғашқы жұмысын бастаған. Ал, осыдан 25 күн өткен соң, сол жылдың 4-қазанында осы баспаханадан үш түрлі әріппен (араб, латын және бүгінгі кириллица әрпімен) Аягөз аудандық газетінің тұңғыш саны қазіргі аудандық газет көлеміндегі форматта 4 бет болып өз оқырмандарының қолына тиді.
Аягөз аудандық газетінің сол «Жаңа ауыл» атын қабыл алуының өзіндік сыры бар. Жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың басында қырда мойынсерік, қызыл отау дүбірлеп, елді отырықшылдыққа бағдарлау, қоғамдасып егін салуға, сауатсыздықты жоюға сахара жұртын бұрынғы округтік «Жаңа ауыл» газеті талмай шақыра берді. Осыған орай, Аягөз аудандық газеті өзінің бұрынғы көшбасшысы «Жаңа ауыл» атын мұра етті. Соның жасампаз ісін одан әрі батыл жалғастыра берді. Газет өзін жаздырып алушылары мен оқырмандарын тосын жағдайға қалдырмаудың бірден-бір тиімді кепілді тәсілі деп оның жыл басынан шығып келе жатқан реттік жүйелі санын да өзгертпей, оны одан әрі жалғастыра берген. Тек оның ендігі жердегі паспортында - «Аягөз аудандық партия, Кеңес комитеттері мен кәсіпшілер одағы бюросының газеті» деп жазылды. Жыл аяғына дейін «Жаңа ауылдың» Аягөз аудандық газеті ретінде 14 саны 400 дана тиражбен жарық көрді. Шағын редакция колективін бұрынғы округтік газетте жауапты хатшылық міндетін атқарған өз кезеңінің барынша сауатты, парасатты коммунисі Мұқсын Қордабаев шебер басқара білді.
Аудандық газеттің сол жылғы қазан айының 4-жұлдызында тұңғыш санының осы күнге арналып шығарылуының да зор себебі болды. Баршаға мәлім, советтік Қазақстан біртұтас Советтер елінің құрамына алынатындығы туралы 1920 жылы 20-тамызда В.И.Ленин қойған декретке орай, сол жылғы қазан айының 4-і мен 12-сі аралығында қазақ жеріндегі жұмысшы-шаруалар Советтерінің құрылтай съезі болып өткен. Сегіз күнге созылған съезд өзінің жұмыс істеу барысында РСФСР құрамында Қазақ Советтік Социалистік Автономиялы Республикасының құрылғанын ресми түрде жариялап,оның жұмысшы органдарын құрған еді.
Міне, ел тарихында саяси-әлеуметтік мәнге басым мерекені жаңадан отау көтеріп жатқан аудандық газет редакциясы қызметкерлері орынды пайдаланып, Қазақ АССР-нің 10 жылдық мерекесі болып саналатын күнге өз газетінің бірінші санын 4-қазанға арнап шығара білген. Бүгінде архивтен табылып, оның толық ксеро көшірмесі аудандық газет редакциясына жеткізілген. Газеттің тұңғыш санынан сол кезеңнің анық бағыт-бағдарын сезіп, тануға болады. Баспасөз құралының бірінші бетінде Қазақ АССР-інің 10 жылдық мерекесіне орай, көлемді редакциялық бас мақала басылса, екінші бетінде осы мереке қарсаңында ауданның түрлі қоғамдық және шаруашылық ұйымдарының қол жеткізген табыстары, орын алған кемшіліктері байыппен баяндалып, талданады. Үшінші бетте тұтастай сол жылғы қыркүйек айының соңғы күндеріндегі өткен Аягөз аудандық IV-ші партия конференциясының қабылдаған қарарлары басылған. Төртінші бетте «Ауыл хаттары» деген айдармен бес ауданнан қысқа да болса нұсқа хабарларына орын берілген.
Рас, газет өмірге келген 1930 жылдары оның материалдық-техникалық базасы тым жұпыны, журналист кадрлары жоқтың қасы еді. Тілшілердің түйіншек хаттары да ай жүріп әзер жететін, газеттің өзі де елмен ұзап барып жүздесетін. Оны оқитын сауаттылар да аз болатын. Сол тапшылықты кеңіткен, азшылықты молайтқан осы газеттің өзі десек артық айтқандық емес. Алыс түкпірлерде, сықсима шамдардың жарығында түртінектеген халық ежіктеп сауатын ашты, газет оқыды. Ел болудың, советтік салт-сананы игерудің ақылын үйренді. Саяси сана, Отаншыл ой, бауырмалдық, береке, революциялық ілімдер ел жүрегіне «Жаңа ауыл» беті арқылы жол тауып жатты.
Газет өзінің алғашқы жылдарында-ақ маңына елгезек те екпінді жұмысшы, ауыл тілшілерін топтастыра білді. Бұл игілікті істердің ұйымдастырушысы аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті болғанын да бүгін еске алып өтсек артық емес. Аудандық газеттің жұмыс істеу тәсілдері мен әдістері туралы аудандық партия комитеті 1931 жылдың бірінші желтоқсанында оның алғашқы бір жылдық жұмысы туралы бюро мәжілісінде арнайы қарап, жетістіктері мен кемшіліктеріне баянды баға берді. Орын алған кемшіліктерін жоюдың жолдарын белгіледі. Ал, 1932 жылдың 10-тамызында аудандық-атқару комитеті президиумы «Аудандық баспахана жұмысын жандандыру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сөз жоқ, мұндай шалымды шаралар, ұтымды ұсыныстар газеттің ұйымдастырушылық және насихатшылық рөлін арттыруға көмектесті.
Өмірдің үдере жаңаруын, үрдісті өзгерістерін дәйекті жазып, оқырмандарына жандандыра жеткізуде жұмысшы, село тілшілерінің тигізген ықпалы жыл санап өсе берді. Қазірде арамызда жоқ Орынғайша Ермекбаеваның, Сапарғали Сүлейменовтың, Баймұхамет Кәйкеновтың, Есенсары Құнанбаевтың, Сағынғали Дүйсенбаевтың, Буратаевтың, Асқар Лекеровтың, Тұрсағұловтың, Шәкерхан Тохмадиевтің, Мұқаш Бітімовтардың аудандық газетпен байланысы, тілшілік қызметі сонау отызыншы жылдардың басында басталған.
Ел басына ауыр күн туған Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында да «Жаңа ауыл» газеті майдан мен тылдың тіршілік-тынысын дөп басып, қалың бұқараны жеңіс үшін қажырлы еңбек етуге талмай үндеп, бірлікке шақыра білді.
Ұжым үш редакторын және бірнеше сауатты қызметкерлерін майданға аттандырса да газеттің соғыс жылдарындағы әр саны оқырмандарына дер кезінде жеткізіліп тұрды. Бұл, сөз жоқ, сол кездегі ат төбеліндей редакцияда қалған екі-үш редакция қызметкері мен аудандық баспахана ұжымының жанқиярлық еңбегінің нәтижесі деп айтуға толық негіз бар.
Соғыстан кейінгі жылдары аудандық газет ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын саралап, партия-шаруашылық, кеңес ұйымдары зер салған арнайы мәселелерді салиқалы, сындарлы түрде жазып, түсіндіріп отырды.
«Жаңа ауыл», «Жаңа өмір», «Коммунизм туы», «Алға-«Вперед» және «Аягөз жаңалықтары» деген әр түрлі атпен шығып келе жатқан газет тарих толқынындағы тоқсан жылдың биігінен төменге көз жібергенде, оның негізін қаласып, суығына тоңып, ыстығына күйіп, майлығы да, сулығы да болып өткен өңірлік баспасөздің сарабдал сарбаздары, яғни, аудандық газеттің тізгін ұстаушылары - редакторлары туралы да айтып өтуіміз керек. Олар «Жаңа ауыл» газетінің тұңғыш редакторы Мұқсын Қордабаев, С.Айтбеков, Ақышев пен Жанқашов, Сүлейменов пен Бітімов, Қасымов пен Кірбетов. Сондай-ақ, кезінде қал-қадірінше редактор қызметін атқара білген Геннадий Симонов пен Калюжныйлар еңбегін де атап өтпеске болмайды. Егер Қордабаев аудандық газеттің негізін қалап, оны Аягөз өңіріндегі киіз түндікті әр қазақ шаңырағы отының басында оқуына ерінбей еңбек етіп кетсе, Бейсенғали Кірбетов «Жаңа ауыл» газетін Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда ұстамдылықпен басқарып, басылым жұмысын жақсарта білді. «Жаңа ауылдың» бас редакторы 1962 жылы «Правда» газетінің жарты ғасырлық мерей тойы қарсаңында облыс журналистерінің ішінде тұңғыш рет үкімет наградасы - «Құрмет Белгісі» орденін кеудесіне тақты. Советтік журналистика сапының алдыңғы толқынының ауданымыздағы аға буыны Мұқан Оралбаевты, Сәду Машақовты, Бейсенғали Тәйкімановты, Медеу Аталықовты, Ақылбек Манабаевты, Бәуез Түбековты, Жүнісовты, Кенжехан Боқасовты мақтан етсек, осы орта ұшырған түлектер Надежда Гарифуллинаны, Петер Якименко, Тоқтарбек Қожановты және тағы да басқаларды айтуға болады.
Газет 1955 жылдың 17-қарашасынан бастап мазмұндары бірдей «Жаңа өмір» - «Новая жизнь» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде шыға бастады. Ал, бұдан біраз жылдан кейін, яғни, 1959 жылдың 30-қаңтарынан 1962 жылдың 7-сәуіріне дейін қазақша «Коммунизм туы» деген атпен (орысшасы өзгермеген) шықты. 1962 жылы аудандық газеттердің іріленіп, аудан-аралық газеттердің бой көтеруіне байланысты осы жылғы мамыр айының 1-нен 8-не дейінгі аралықта «Ленин туы» деген атпен төрт саны шықты. Ал, аудандық газет «Алға»-«Вперед» атымен 1962 жылдың 10-мамырынан бастап 1994 жылдың тамыз айына дейін шығып, 1994 жылдың тамыз айынан бастап «Аякөз» деген атпен «Семей таңы» газетінің бір бетіне басылып шыға бастады. Бұның басты себебі - нарыққа аяқ басқан еліміздің қаржылық тапшылығы болатын. Осы бір кезеңді көзбен көрген аға буынның жадында аталмыш жылдардың ауыртпалықтары ұмытыла қойған жоқ.
Бұл кездері редактор Рахимов Салық, Аманжол Арғынгелдин, Бақыт Аққұлова, одан кейін Тұрмысхан Дүйсекенов болды.
Біз білетін 70-80-90 жылдарда – Райымбек Құрманов, Ахметқазы Әбдіәкімов, Ошан Дүтбаев, Толымбек Әбдірайымов, Келіс Рахымжанов, Жақсылық Жанатаев, А.Қағазов, Ғаббас Шөкімұлы, Құрман Малдыбаев, Борис Бородин, Ғазез Оңғаров, Қайырғазы Исалин, Төлеуғали Сүлейменов, Ақаш Көксегенов, Баһор Рахимов, Базар Ақсақалов, Қажиакпар Құлжабаев, Тлеген Ахметов, Дәулетбек Қалшыкенов, Асхат Смайылов сынды көптеген қалам ұстаған азаматтар аудандық газеттің беттеріне өз шығармаларын ұсынып, жақсы шығармашылық байланыста болды.
Редакцияда ондаған жылдар жұмыс істеп, өздерінің күш-жігерін, творчестволық іскерліктерін қиын да игі істерге арнағандардың есімдерін жылы ілтипатпен айтамыз. Олар кезінде еңбек еткен соғыс, еңбек, партия ардагерлері Қабижан Ысмағұлов, Степан Щебалин, ұзақ жылдар басылымды жоғары біліктілікпен басқара білген Рысхан Дүйсенғазин, ССРО Журналистер Одағының мүшелері Аманжол Арғынгелдин, Владимир Суворов, Ұлықбек Жұбанышев, Мұратбек Тыныбаев, Ерғазы Рахимов, Серікқайша Қарабекова, машинистка Кенжеш Никанбаева, корректор Райхан Тасқынбаева, Тұрмысхан Дүйсекенов, Ғабит Зұлхаров, Дулат Жұмаділов, Петр Якименко, Тоқтарбек Қожанов, Қапуза Өмірғалиева, Тынышбек Әбішұлы, Нина Матвеева, Альбина Сычева, Борис Ельников, Лариса Ласточкина, Надежда Аньшакова, Рамазан Задин, Наташа Гагара, Клава Өгізбаева тағы да басқа аға буын өкілдері жас ұрпаққа үлгі өнеге.
Аудандық газетте тырнақалды тұңғыш шығармалары жарық көріп, тұсаулары кесілген жазушылар Жекен Жұмаханов, Ғабиден Құлахметов, Қазақстанның халық жазушысы Тұрсынхан Әбдірахманова, Тұрсын Смақов, Қайыммұнар Тәбеев (Коммунар) тағы да басқа ардақты аға-апайларымыз елімізге белгілі қаламгерлер болды.
Баспаханада еңбек етіп, әр санының шығуына үлес қосқан Қали Искаков (баспахана меңгерушісі), Аманжол Шакенов, Үміт Тлеубергенова, Күлзия Бекбаева, Еңбек Қызыл Ту орденді Сәтжамал Тлемісова, Қанаш Жолдасбаева, Ғабида Сүлейменова, Зағия Серікбаева, Сәкен Жақыпбаева, Камаш Такежанова, Әмина Мұстафина, Халида Әбиханова, Жанат Қасымханова, Мейрамгүл Қарабекова, Шәріпхан және Ғазез Кәрібаевтар, Серікқазы Көлбайұлы Серимов (баспахана меңгерушісі), Зоя Қайбрахманова, Әнеш Шакенова, Кенжетай Мұқатаева, Оразбек Бақтыбаев (директор) т.б. азаматтар есімін атаймыз.
Нарық кезеңінде жаңа «Аягөз жаңалықтары» деген атпен шыға бастаған газеттің өмірге келуіне сол кездегі аудан әкімі Айбек Мүталапханұлы Каримовтың еңбегі зор. Ауданға өз газеті қажеттігін айта келіп «Семей таңы» газетінің бір бетіне «Аягөз» деген атпен шығып жүрген аудандық газетті қайта оралтты. Бұған сол кезде Г.Нұркенова бастаған бірнеше кәсіпкерлер қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.
1995 жылдың 22-қарашасынан бастап «Аягөз жаңалықтары» деген атпен шыға бастаған аудандық газет редакторы болып Серікболат Әбдікәрімұлы Жакенов тағайындалды.
1996 жылдың 26-ақпанында алғашқы саны аз тиражбен оқырман қолына тиген «Аягөз жаңалықтары» газеті уақыт талабына сай тез ширап, бұғанасы бекіп, жұртшылықтың рухани сұранысын қанағаттандырды деуге негіз бар. Газеттің
тәуелсіздік жылдарындағы шығу тарихына Аягөз ауданы әкімінің аппараты, аудандық мәслихат орасан зор қолдау мен көмек көрсетті. Ал, ауданның, ауылдық округі әкімдері мен тұрғындары, қаладағы кәсіпорындар мен мекемелер, теміржол кәсіпорындары, мектептер, емдеу мекемелері, қала халқы, демеушілік және моральдық қолдау көрсетіп келді.
Сонау коолективтендіру, ашаршылық, Ұлы Отан соғысының 4 жыл қан кешкен қиын кезеңінде, халық шаруашылығын қалпына келтіру мен тың-тыңайған жерлерді игеруде, Кеңес өкіметінің ыдырауы мен нарықтың өтпелі кезеңінде, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың қиындықтарымен қаз тұрып, қарышты қадаммен алға басып, бүгінгідей дамудың даңғыл жолына түскен кезеңде халықпен бірге келеміз.
«Аягөз жаңалықтары» газетінің дамуы жолында, еселі еңбек етіп құрметті зейнеткерлікке шыққан және қазір де қатарда бар қаламгерлерді атап өтер болсақ С.Жәкенов, Е.Дайырбаев, С.Қарабекова, М.Жұмабаев, Л.Амантаева, Ж.Сасенова, Б.Шалғынбай, Б.Малдыбаев, Д.Арғынгелдин, қызметкерлер А.Түсіпова, К.Қуандықова, Б.Аубакирова, Қ.Макремова, Қ.Жакенова, М.Қарабекова, М.Алпысбаева, Н.Болат, А.Айсабиева, Ж.Нұртаева, А.Мухаметжанов Қ.Джанпеисов, тағы да басқа есімдерді атап өтуге әбден болады.
Тоқсан жылдық тарихында Аягөз аудандық газеті жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
1970-1990 жылдар аралығында Қазақ ССР Министрлер Советінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі Мемлекеттік Комитеті, Қазақстан Журналистер Одағы, мәдениет қызметкерлері кәсіподағының республикалық комитеті, Қазақ ССР полиграфия және баспа басқармасы Президиумы ұйымдастыратын республикалық Байқауда үш рет I-орын, әлденеше рет II-III орындарды иеленген.
Ал, аудандық «Аягөз жаңалықтары» газеті 2006 жылы «Өңірдің тыныс-тіршілігін шынайы жариялағаны үшін және ауданның имиджін қалыптастырғаны үшін» Шығыс Қазақстан облысы әкімінің грамотасымен марапатталды.
С.Жакенов Қазақстан Журналистер Конгресінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
2014 жылдың қазнынан бастап «Аягөз Жаңалықтары» аудандық газетінің Директор-Бас редакторы Дайырбаев Ермек Тұрсынұлы болып тағайындалды.
Сол жылдан бүгінге дейін мекеменің материалдық-техникалық базаларын заман талабына сай нығайту, тозығы жеткен жиһаздарды жаңарту бойынша жұмыстар жүруде.
Тоқсан жыл аралығында басылымда қызмет атқарған қаламгерлер туралы ақын-жазушыларымыз естеліктерін жазып, жаңа шығармаларын жұртшылыққа ұсынуда.
Осы орайда домбырашы-күйші, өнертанушы, музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Жарқын Шәкәрім, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының Төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, қаламгер, қоғам қайраткері, “Қасқалдақ” қорының төрағасы Аменгелді Керімтаев, өңір тарихының білгірі, шежіресі Нәстілек
Сәлменбетұлы, ақын Нәзір Қарабалин, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Ақпарат саласының үздігі, белгілі жазушы, Аягөз ауданынының «Құрметті азаматы» Толымбек Абдрайым, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының бірінші орынбасары ақын Ақберен Елгезек, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, құрметті профессор, Жанас Бекентуров, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, күйші Біләл Ысқақов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Оразғали Сейтқазы, өнер зерттеуші Игембеков Тұңғышбай, белгілі айтыскер ақын Ринат Зайтов, ақын, “Егемен Қазақстан” газетінің қызметкері Қалмағамбет Мұхаметқали, Елордамыздағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде 2011 жылдан Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, белгілі журналист, қаламгер, Мұратбек Тоқтағазин, танымал айтыс ақыны, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, қаламгер Қайым-Мұнар Табеев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер, ардагер–журналист, аудармашы Ғабит Зұлхаров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі сатирик Марат Нұрпейісов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағаның мүшесі, Аягөз ауданының “Құрметті азаматы”, қаламгер Бақытөмір Шалғынбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің мәдениет қайраткері, Журналистер Одағының мүшесі, ақын Ақаш Көксегенов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, газет ардагері Серікқайша Қарабекова, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі қаламгер, ардагер–журналист, Мұрат Құсманұлы Төлебаев, Журналистер Одағының мүшесі, Марат Жұмабаев, ақын Алдаберген Рахметолла, журналист Бақыт Ақадықова, ақын Базарбек Ақсақалов, ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі Қазбек Байжұманов, ғалым Арай Жүндібаева, ұзақ жылдар мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен Тоқтарбек Нұралин, Болат Ахмешов, денсаулық сақтау саласынан құрметті зейнеткерлікке шыққан Амантай Дәмешқызы және тағы да басқа аға-апайларымыз бен замандастарымызға алғысым шексіз. Осы тізімдерде аттары аталмай жатқан азаматтар болса кешіріммен қарап түсіністік танытуларыңызды сұраймын. Ең бастысы, тағылымды дүиелеріңіз басылым беті арқылы оқырман қауымға тарағанын ел біледі деген ойдамын.
Жыл сайын өмірден өткен жуналистерді еске алу шаралары ұйымдастырылып, бейіттерінің басына барып, Р.Дүйсенғазин ескерткішіне гүл қойып, құран-қатым түсіру, спорттық шаралар өткізу дәстүрге айналған.
Өнімді еңбек еткен редакция қызметкерлері аудан әкімінің, облыстық деңгейдегі департамент, басқармалардың Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталуда.
2018 жылы Бас редактор Е.Дайырбаев пен редакция ұжымы облыс әкімі Ахметов Даниал Кенжетайұлының «Өңірдің журналистикасын дамытуға қосқан үлесі және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы көп жылғы еңбегі үшін» құрмет грамотасымен марапатталды.
2019 жылы «Аягөз жаңалықтары» газеті аудан аумағында «Жылдың ең Үздік басылымы» марапатына ие болды.
Рысхан Нашанұлы Дүйсенғазин атамыздың 90 жылдығында ауқымды іс-шара өтті. Қырыққа жуық ақындар қатысқан облыстық деңгейде жыр бәйгесі өткізіліп, ұрпақтары ас берді.
Қара тілдің шебері, жазушы Ерғазы Рахимовтың 80 жылдығына орай қаламгер қауымдар болып Елордамызда ауқымды түрде іс-шаралар өтті. Жүзден астам ақындар бақ сынаған республикалық ақындар мүшәйрасы өтті. Неісбек Айтұлы ағамыз төрағалық етіп, ғалымдар мен танымал ақын-жазушылар қазылық жасап, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Алдағы уақытта газеттің алғашқы саны шыққаннан бастап бүгінге дейін басылымда еңбек еткен қаламгерлер туралы естеліктер жинақталған көлемді кітап шығару жоспарымызда бар.
Осы орайда басылым тарихына байланысты ақпараттарды газеттің сексен жылдығына орай жинақ-тарлаған материалдардан алып толықтырылғанын, осы бағытта ізденіс жүргізген азаматтардың еңбектерін де айта кеткен жөн. Оқырман қауымға түсінікті болу үшін газеттің көлеміне шақтап құрылғаннан бергі тарихтағы біраз кезеңдерді мейлінше қысқартып бергенімізді де айтып өтейін.
Торқалы тоқсан жылдыққа орай кең көлемді іс-шара өткізу жоспарланған. Алайда, әлемді жайлаған падемия, қазіргі санитарлық эпидемиялогиялық жағдайлар мен шектеулерге байланысты олардың барлығын өткізу ісі кейінге шегерілуде.
90 жыл! 10730 нөмір! Творчестволықпен өткен 32400 күн, 32400 түн. Әр номердің өз парасаты мен рахаты, қуанышы мен мұңы бар. Тоқсан жыл бойы шағын редакция коллективі ауданның атқарушы органдарының сенімді көмекшісі ретінде қалың оқырмандарға мазмұнды, мәнді мақалалар жеткізуге өзінің ақыл-ойын, білімін жұмсаудан жалыққан емес.
Басылымның әр санын асыға күтіп, жыл сайын жазылып жүрген оқырмандарымыз барда 95, 100 жылдық ғасыр жасаған шақтарын да халықпен бірге бөлісе береміз.
Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болып, отбасымызды дау, Отанымызды жау алмасын. Жақсы күндерде жарқын жаңалықтарымызбен бөлісіп жүре берейік. Осы жылдар аралығынан бері келі жатқан, ары қарай да бізбен жасай беретін ақ пейіл, адал ниетті оқырмандарымызға Алла разы болсын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа кенеліп, әулеттеріңіздің дәулеті артсын.
Бас редактор Ермек Тұрсынұлы