ШҚО-да елуге жуық есірткі қылмысы тіркелді
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Қарасора-2020» жедел-алдын алу шарасы аясында үш ай ішінде 92 келіден астам есірткі заты тәркіленген, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бірінші маусымнан бері өңірде 48 есірткі қылмысы тіркелді. Сондай-ақ тыйым салынған өсімдіктерді өсіру бойынша 11 факті анықталды. Ал есірткі заттарын өткізу бойынша 40 факті тіркелді, – дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиев.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары жабайы қарасораны жоюмен де айналысып жатыр.
Полиция қызметкерлері 17 тамыз күні Зайсан ауданындағы Қаратал елді мекенінен 40 шақырым жерде, малшылардың қараусыз қалған тұрағында, жалпы салмағы 400 келіден асатын 1200 түп жабайы сораны шауып, өртеді, – деп мәлімдеді департамент.
Айта кетейік, «Қарасора-2020» жедел-алдын алу іс-шарасы 30 қазанға дейін жалғасады.