KZ
Өскемен
-16°
небольшая облачность жел 2 м/с, В
510.18 601.91 6.51

Интернет – өңір дамуының тірегі: Шығыс Қазақстандағы цифрлық инфрақұрылым

Бүгін, 17:00 31 Төлеуғазы Жансая

Бүгінде интернет – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Ол тек байланыс құралы ғана емес, білім алу, медициналық қызметке жүгіну, кәсіп ашу, мемлекеттік қызметтерді пайдалану және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Осыны ескере отырып, Қазақстанда интернет инфрақұрылымын дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде қолға алынды. Бұл саясаттың нақты көрінісі Шығыс Қазақстан облысында айқын байқалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев интернетке тең қолжетімділікті ел дамуының негізгі шарттарының бірі ретінде атап келеді. Президент өз Жолдауларында қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюды Үкіметтің басты міндеті ретінде айқындады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, шалғай және таулы аймақтарда интернетті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта Үкімет нақты жоспар қабылдап, өңірлерде жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Шығыс Қазақстан облысы – географиялық ерекшелігі күрделі, таулы және шалғай ауылдары көп өңір болғандықтан, мұнда интернет мәселесін шешу аса маңызды.

Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Бұл жоба аясында еліміз бойынша интернет инфрақұрылымын толық жаңғырту көзделген.

Жобаға сәйкес, 2027 жылға қарай халықтың 100 пайызы интернетпен қамтылады. Ал ауылдардың 90 пайызына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады. Шалғай ауылдардың қалған бөлігі спутниктік интернет арқылы қамтамасыз етіледі.

Бұл мақсаттарға жету үшін 2027 жылға дейін 323 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 трлн теңгеден астам қаржы салынды. Соның нәтижесінде еліміздегі интернет жылдамдығы айтарлықтай артты.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында интернетке қолжетімділік деңгейі жоғары. Облыстағы 268 елді мекенде интернет бар, бұл тұрғындардың 97,9 пайызына тең. Жыл соңына дейін тағы 23 ауыл интернетке қосылады. Ал халқы аз, жол қатынасы қиын 66 шағын ауылды интернетпен қамту 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Соңғы жылдардағы нақты нәтиже:

2022 жылы – 17 ауыл,

2023 жылы – 20 ауыл,

2024 жылы – 45 ауыл интернетке қосылды.

2025 жылы бұл жұмыс одан әрі жалғасып, ондаған елді мекен желіге қосылды.

Облыс орталығы – Өскемен қаласында интернет инфрақұрылымы белсенді дамып келеді. Қала толықтай 3G және 4G желілерімен қамтылған. Сонымен қатар, Altel/Tele2 компаниясы орнатқан 52 дана 5G базалық станция жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың соңына дейін олардың саны 62-ге дейін арттырылады.

Сонымен бірге, кейбір шағын аудандарда тіркелген интернеттің болмауына қатысты тұрғындардың шағымдары ескеріліп, «ақ дақтарды» жою жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта 15 қос аспалы мұнара орнатылып, Куленовка, ЖМК және бірнеше шағын аудан үй интернетіне қосылды. Beeline компаниясымен бірлесіп, бес жерде жаңа мұнаралар салынуда.

Үлкен Нарын ауданында интернетпен қамту деңгейі 95,7 пайыз. Байланысы әлсіз алты ауыл ұлттық жоба аясында 2027 жылға дейін қамтылады. Мұнда спутниктік интернет пен жергілікті желілерді пайдалану жолдары қарастырылып отыр.

Алтай ауданында интернетке қолжетімділік 97,2 пайызды құрайды. Бірқатар ауылда байланыс сапасын жақсарту үшін антенна-мачталық құрылыстар салынды. Қалған ауылдар кезең-кезеңімен интернетке қосылады.

Екі ауданда да білім беру нысандарына ерекше көңіл бөлінген. Үлкен Нарын ауданындағы 8 мектепке, Алтай ауданындағы 23 мектепке Starlink спутниктік интернеті орнатылды.

Таулы және орталықтан шалғай аймақтары көп Шығыс Қазақстан үшін спутниктік интернет тиімді баламаға айналды. 2025 жылы облыста OneWeb жүйесінің 30 терминалы орнатылды. Олар тегін Wi-Fi нүктелері ретінде жұмыс істеп, шалғай ауыл тұрғындарына интернетке қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Марқакөл ауданындағы Шағанаты ауылында Starlink жүйесі табысты іске қосылды. Бұл тәжірибе басқа да шалғай ауылдарға енгізілмек.

Облыста автожол бойындағы интернет мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Алдағы жылдары республикалық және облыстық маңызы бар жолдар бойында 22 антенна-мачталық құрылғы салу жоспарланған. Бұл жүргізушілер үшін қауіпсіздікті арттырып, төтенше жағдайларда байланысқа жедел шығуға мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан облысында интернетті дамыту – жай ғана техникалық жоба емес, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі. Президенттің саясаты мен Үкіметтің нақты бағдарламаларының арқасында облыста интернетпен қамту деңгейі жылдан жылға артып келеді.

2027 жылға қарай Шығыс Қазақстан облысында интернетсіз елді мекен қалмайды. Бұл – өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуы, ал ел үшін тұрақты дамудың берік іргетасы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу