Шығыс Қазақстанда есепке алынған тұлғаларды тексеру жұмысы күшейтілді
Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қызметтік тәртіпті нығайтуға бағытталған «Есептегі элемент» атты жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара өңірдегі пробация қызметінің жұмысын жүйелеуге және есепке алынған тұлғалармен жүргізілетін профилактикалық шараларды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz.
Іс-шара аясында есепке алынған азаматтардың тұрғылықты жері тексеріліп, олардың жеке деректері нақтылануда. Сонымен қатар, белгіленген талаптар мен міндеттердің орындалуы, сот шешімдеріне және пробация шарттарына сәйкестігі қатаң бақылауға алынған. Бұл жұмыс құқық бұзушылық тәуекелдерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Ерекше назар пробацияда тұрған тұлғалармен жүргізілетін түсіндіру және алдын алу жұмыстарына аударылып отыр. Бұл тек бақылау шараларымен шектелмей, есепке алынған азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне, жауапкершілігін арттыруға және қайта құқық бұзушылық жасау ықтималдығын төмендетуге бағытталған.
Пробация қызметінің аға инспекторы, аға лейтенант Қайым Ожиқановтың айтуынша, есептегі тұлғаларды уақтылы тексеру өңірдегі профилактикалық жұмыстың сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Жалпы «Есептегі элемент» жедел алдын алу іс-шарасы құқық қорғау және пробация органдарының бірлескен, жүйелі жұмысының нәтижесінде қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заң талаптарының мүлтіксіз орындалуына және азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.