ШҚО-да шұғыл медициналық көмек сәби мен баланың өмірін сақтап қалды
Шығыс Қазақстан облысында дер кезінде көрсетілген шұғыл медициналық көмек пен санитарлық авиацияның үйлесімді жұмысының арқасында жаңа туған сәби мен баланың өмірі сақталып қалды. Денсаулығы күрт нашарлаған науқастарды Риддер қаласынан Өскемендегі мамандандырылған медициналық мекемеге жедел жеткізу қажет болды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің санитарлық авиациясы тағы бір мәрте кәсібиліктің жоғары үлгісін көрсетті. «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы арқылы Риддер қаласынан Өскеменге шұғыл медициналық көмекке мұқтаж жаңа туған сәби дер кезінде жеткізілді.
Әуе рейсін тәжірибелі ұшқыштар — Сергей Пинигин мен Леонид Калеканов орындады. Ұшу күрделі таулы аймақ жағдайында жүзеге асқанымен, экипаждың шеберлігі мен үйлесімді әрекетінің арқасында рейс қауіпсіз әрі тұрақты өтті. Тікұшақ бортында сәбидің жағдайын санитарлық авиацияның білікті дәрігерлері — Татьяна Сергеева мен Ботагөз Ақашева тұрақты бақылауда ұстады.
Ұшқыштар мен медицина мамандарының жедел әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде сәби әуе тасымалын қалыпты көтеріп, облыс орталығындағы медициналық мекемеге сәтті жеткізілді. Қазіргі таңда оған барлық қажетті әрі қарайғы медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін де дәл осы Риддер қаласынан тағы бір бала ТЖМ тікұшағымен облыс орталығына шұғыл түрде жеткізілген болатын. Ол жолы да «Қазавиақұтқару» АҚ ұшқыштары Сергей Пинигин мен Леонид Калеканов Ми-8 тікұшағымен рейс орындап, кішкентай науқастың өміріне араша түсті. Ұшу барысында баланы санитарлық авиация дәрігерлері — Рафаиль Халитов пен Лариса Величко алып жүрді.
2017 жылы туған бала медициналық мекемеге дер кезінде жеткізіліп, қазір мамандардың тұрақты бақылауында.
Бұл жағдайлар ТЖМ авиациясы мен медицина қызметкерлерінің адам өмірін сақтаудағы үйлесімді еңбегін, жедел әрекет ету қабілетін және жоғары жауапкершілігін айқын көрсетеді. Қиын географиялық жағдайлар мен ауа райына қарамастан, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары әрбір адамның өмірі үшін тәулік бойы қызмет етуді жалғастырып келеді.
Видео: ШҚО ТЖД
Фото: видео кескіндемесі

