KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
511 602.72 6.49

Биыл Шығыс Қазақстанға 365 мыңнан астам турист келді

Кеше, 18:00 68 Базарова Айгүл

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен кезекті отырыс өңірдің туризм саласындағы даму қарқынын саралап, алдағы межелерді айқындауға арналды. Күн тәртібіне 2025 жылдың қорытынды көрсеткіштері мен келер жылға жоспарланған басым бағыттар шығарылып, туризмді экономиканың драйверіне айналдыру жолындағы нақты нәтижелер талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Ұлттық статистика бюросы департаментінің 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша ұсынылған деректер өңір туризмінің тұрақты өсім траекториясына түскенін айқын көрсетеді. Биыл қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Шығыс Қазақстан облысына келген туристер саны 365,5 мың адамды құрады. Бұл – 2024 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 9,4 пайыздық өсім. Өткен жылы осы кезеңде өңірге 334,2 мың турист келген болатын.

Туристік ағымның басым бөлігін ішкі туризм құрап отыр. Атап айтқанда, ішкі туристер саны 351,0 мың адамға жетіп, 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы 320,2 мың көрсеткішпен салыстырғанда 9,6 пайызға артты. Сонымен қатар, шетелдік туристер саны да өсім көрсетіп, 14,5 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 14,0 мың адаммен салыстырғанда 3,8 пайызға жоғары.

Өңірдің туристік инфрақұрылымы да жыл сайын кеңейіп келеді. Бүгінде облыс аумағында туристерді орналастыруға арналған 405 нысан тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, мейманханалар, демалыс базалары және өзге де орналастыру нысандары бар. Осы көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан облысы республика көлемінде екінші орынға көтеріліп отыр. Алда тек 409 орналастыру объектісі бар Жетісу облысы ғана тұр.

Туристерді бір мезетте қабылдау мүмкіндігі де айтарлықтай артқан. Қазіргі уақытта облыстағы орналастыру нысандарының жалпы сыйымдылығы 21 692 орынды құрайды. Бұл – өткен жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 1 316 бірлікке көп, яғни, өсім 6,5 пайызды көрсетеді. Нөмірлік қордың бір мезеттегі сыйымдылығы бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикада Жетісу облысы мен Алматы қаласынан кейін үшінші орында тұр.

Туризм саласының экономикалық қайтарымы да артып келеді. Орналастыру объектілері көрсеткен туристік қызметтердің жалпы көлемі 7,8 млрд теңгені құрады. Бұл – 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы 6,3 млрд теңгемен салыстырғанда 23,4 пайыздық өсім. Аталған көрсеткіштер өңір туризмінің инвестициялық тартымдылығы мен сұранысының жоғарылағанын аңғартады.

Әкімдік отырысында айтылған деректер Шығыс Қазақстанның табиғи әлеуеті мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану нәтижесінде туризм саласының жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, туризмді тұрақты табыс көзіне айналдыруға негіз болмақ.

Инвестиция – туризмнің ұзақмерзімді тірегі

Өңір туризмінің орнықты дамуына серпін беріп отырған басты факторлардың бірі – салаға тартылған инвестиция көлемінің айтарлықтай артуы. Туристік саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 15,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 35,4 пайызға өскенін көрсетеді. Былтыр үшінші тоқсанда бұл көрсеткіш 11,6 млрд теңге деңгейінде болған.

Инвестициялық өсімнің негізгі бөлігі тұру қызметтерін көрсету саласына тиесілі. Аталған бағытқа 10,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім бірден 83,8 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2024 жылғы үшінші тоқсанда бұл салаға 5,7 млрд теңге көлемінде қаражат салынған болатын. Бұл деректер өңірде туристік инфрақұрылымға деген сенім мен сұраныстың артқанын айғақтайды.

Өңірлік туристификация картасы

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту және осы бағытта жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін нақтылау жөніндегі тапсырмалары аясында жүйелі жұмыстар қолға алынды. Осыған сәйкес, облыс әкімдігінің ағымдағы жылғы 29 қазандағы №273қ қаулысымен өңірлік туристификация картасы бекітілді.

Бұл стратегиялық құжат аясында туристік саланы дамыту мақсатында инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, интернет пен ұялы байланыстың тұрақты қолжетімділігін қалыптастыру, сондай-ақ автомобиль жолдарын салу бойынша кешенді жұмыс жүргізілетін 23 туристік аумақ айқындалды. Туристік әлеуеті жоғары осы аумақтар алдағы жылдары өңір экономикасының жаңа өсу нүктесіне айналмақ.

Шығыс Қазақстан облысында туризм саласын дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытында жеке инвестициялық жобаларды іске асыруға да басымдық берілуде. Соңғы кезеңде бірқатар ірі жобаның жүзеге асырылуы толық аяқталды. Атап айтқанда, Алтай қаласында құны 600 млн теңгені құрайтын «Dostyk» қонақүй-мейрамхана кешені бой көтерді. Катон-Қарағай ауылында «Баян» қонақүйін реконструкциялау жобасы іске асырылып, оған 567,3 млн теңге инвестиция салынды.

Сондай-ақ, Риддер қаласында мейрамханасы бар қонақүй құрылысы аяқталып, жобаға 200 млн теңге бағытталды. Бұдан бөлек, Ridder Resort Hotel қонақүйін реконструкциялау жұмыстарына 2 млрд теңге, Bearlog қонақүйін жаңғыртуға 1,8 млрд теңге инвестиция салынды. Ал «Приморск» демалыс базасын кеңейту жобасы 400 млн теңге көлемінде жүзеге асырылды.

Инвестициялық белсенділік мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда Катон-Қарағай ауданында TOR’RE ALTAY компаниясы тарапынан Wellness Resort салу жөніндегі ірі инвестициялық жоба пысықталу үстінде. Сонымен қатар, Pana Asia компаниясымен Катон-Қарағай ауданының Орнек ауылында туристік қалашық салу, сондай-ақ Самар ауданы аумағындағы Бұқтырма су қоймасы жағалауында қонақүй салу бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

ШҚО туризм басқармасының басшысы Алтай Сембинов бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын атап өтті:

«Біздің басты мақсатымыз – Шығыс Қазақстанды жыл он екі ай турист қабылдай алатын, инфрақұрылымы дамыған өңірге айналдыру. Инвестиция тарту арқылы тек жаңа нысандар салумен шектелмей, қызмет көрсету сапасын арттыруға, туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз. Бұл – өңір экономикасына тікелей әсер ететін ұзақмерзімді стратегиялық бағыт», – деді басқарма басшысы.

Жалпы, қабылданып жатқан жүйелі шешімдер мен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар Шығыс Қазақстан облысының туризм саласын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің табиғи, мәдени және рекреациялық әлеуетін толық ашуға жол ашып отыр.

Туризм саласын жүйелі түрде дамыту тек инфрақұрылым мен инвестицияға ғана емес, ең алдымен осы салада еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерді нақты қолдауға тікелей байланысты. Осы мақсатта Шығыс Қазақстан облысында туристік бизнесті ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Биыл тұрақты негізде жұмыс істейтін арнайы комиссия туризм объектілерін салу немесе қайта жаңғырту кезінде жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша бірқатар өтінімді қарады. Нәтижесінде жалпы сомасы 402,3 млн теңгені құрайтын үш өтінім мақұлданды. Сонымен қатар, туроператор тарапынан туристік автобустарды сатып алу кезінде шығындардың 25 пайызын өтеу жөніндегі 3,3 млн теңге көлеміндегі бір өтінім де қолдау тапты. Кәсіпкерлер алдындағы осы міндеттемелерді толық орындау үшін Туризм басқармасы тарапынан 2026 жылға тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды.

Анықтама ретінде атап өтсек, шығындарды өтеу «Центр–С» ЖШС бойынша – 54 981,8 мың теңгені, VK TRAVEL жеке кәсіпкерінің қайта жаңғырту жобасы бойынша – 164 916,1 мың теңгені, ал VK TRAVEL ЖК құрылыс жобасы бойынша – 182 366,2 мың теңгені құрады.

Туристер үшін қолайлы орта қалыптастыруда санитарлық-гигиеналық инфрақұрылымның маңызы да ерекше. Қазіргі таңда өңірде 34 санитарлық-гигиеналық орын жұмыс істейді. Оның он бірі Туризм басқармасы арқылы субсидиямен қамтылған. Аталған нысандар Катонқарағай, Глубокое, Тарбағатай, Ұлан, Алтай, Үлкен Нарын аудандары мен Өскемен қаласында орналасқан. Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар айында Катонқарағай ауданындағы тағы екі санитарлық-гигиеналық түйінге субсидия алу үшін өтінім жолдау жоспарланып отыр.

2025–2026 жылғы қысқы туристік маусымның басталуына орай өңірде жыл бойы жұмыс істейтін 138 орналастыру нысаны қызмет көрсетуде. Олардың қатарында тау шаңғысы кешендері, демалыс базалары, сондай-ақ қажетті инфрақұрылыммен және қысқы кезеңде үздіксіз жұмыс істеуге арналған жылу жүйелерімен жабдықталған қонақ үйлер мен қонақжайлар бар. Бұл нысандар өңірге келетін туристерді төрт маусым бойы қабылдауға мүмкіндік береді.

Қысқы туристік маусымның ашылуына байланысты тау шаңғысы кешендерінің техникалық дайындығына мониторинг жүргізілді. Қазіргі таңда толыққанды жұмыс істеп тұрған кешен – «Алтай Альпісі». Ал Глубокое ауданындағы «Нұртау» кешені, Риддер қаласындағы «Эдельвейс» және «StarDustCamp» тау шаңғысы кешендерінің қызметі енді басталуда.

Туризмді насихаттау және саланың имиджін арттыру мақсатында ағымдағы жылы жаппай ауқымды іс-шаралар өткізілді. Туризм басқармасының ұйымдастыруымен 27 қыркүйекте Сол жағалау кешені базасында «Дүниежүзілік туризм күні» кең ауқымда атап өтілді. Мерекелік бағдарлама аясында туризм саласының үздік кәсіпкерлері марапатталып, туристік операторлардың көрмесі ұйымдастырылды, сондай-ақ саланың дамуына арналған мазмұнды алаңдар жұмыс істеді.

Ал 6 желтоқсанда «Алтай Альпісі» тау шаңғысы курортында қысқы туристік маусымның салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара барысында қолөнершілер көрмесі, түрлі шеберлік сабақтары, салтанатты рәсім, спортшылардың таудан төмен сырғанау көрсетілімі, концерттік бағдарлама және басқа да мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

ШҚО туризм басқармасының басшысы кәсіпкерлерді қолдау мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының өзара тығыз байланыста жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Біз үшін басты міндет – туризм саласындағы кәсіпкерлерге нақты әрі тиімді қолдау көрсету. Өйткені әрбір жаңа жоба, әрбір жаңғыртылған нысан – бұл жаңа жұмыс орындары, өңір экономикасына қосылған үлес және туристер үшін сапалы қызмет. Мемлекеттік қолдау тетіктері алдағы уақытта да сақталып, Шығыс Қазақстанды еліміздегі жетекші туристік өңірлердің біріне айналдыруға қызмет етеді», – деді Алтай Сембинов.

Осылайша, мемлекеттік қолдау шаралары, инфрақұрылымның кезең-кезеңімен жаңаруы және маусымдық іс-шаралардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы Шығыс Қазақстан облысында туризм саласының тұрақты әрі сапалы дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.












Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу