KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
511 602.72 6.49

Медальдан жүйеге дейін: өңір спортындағы 2025 жылдың қорытындысы

Бүгін, 18:30 67 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстаның спорт саласы үшін 2025 жыл мағынасы терең, жауапкершілігі зор кезең болды. Халықаралық ареналарда ел намысын қорғаған чемпиондар, ауыл мен қалада қатар дамыған бұқаралық спорт, қайта жанданған хоккей мен үлкен футбол, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті жарыстар мен болашаққа бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар өңір спортының ұзақмерзімді стратегиялық бағытын айқын көрсетеді. Осы мазмұнды кезеңнің қорытындысын Altainews.kz оқырмандарына Шығыс Қазақстан облыстық Спорт басқармасының басшысы Асқар Байжігітұлы Можанов таразылап берді.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі спорт – әлеуметтік саясаттың, әділ басқарудың, ашық қаржы мен адам капиталына салынған инвестицияның нақты нәтижесі. Өңірде халықтың 45 пайызы спортпен жүйелі айналысады, мыңдаған бала мен жасөспірім спорт мектептерінде тәрбиеленіп, ауыл спортшылары республикалық ареналарда жүлде алып жүр.

Сұхбат барысында қысқы Олимпиадаға дайындық, халықаралық чемпионаттардағы тарихи жеңістер, семсерлесу мен жеңіл атлетикадағы серпін, бокста өсіп келе жатқан буын, жастар хоккейінің қуатты резерві кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, спорт инфрақұрылымын жаңғырту, жабық футбол стадионы, мұз сарайы мен әмбебап спорт кешенін салу секілді ірі жобалар өңір спортының болашағын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

– Алда келер жылдың ең өзекті әрі шешуші оқиғаларының бірі – қысқы Олимпиада ойындары тұр. Уақыт жақындаған сайын жауапкершілік те салмақтана түсетіні анық. Осы тұрғыда бүгінгі дайындық барысы қандай деңгейде, өңір спортшылары бұл сынға қаншалықты дайын деп бағалар едіңіз?

– Төртжылдықтың басты додасы – қысқы Олимпиада ойындарына дайындық қызу жүріп жатыр. 2 ақпанда Италияның Милан қаласында басталатын дүбірлі додаға Шығыс Қазақстаннан қысқы спорт түрлері бойынша 14 үздік спортшы үміткер ретінде қаралып отыр. Олардың қатарында фристайл-могул, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру және тау шаңғысы спортшылары бар. Қазірдің өзінде өңір атлеттері Еуропада оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарға қатысып, Олимпиада лицензиялары үшін күресуде.

2026 жылғы Қысқы Олимпиадалық ойындарға дайындық барысы туралы ақпарат:

2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында төрт жылдық басты жарыс – XXV Қысқы Олимпиадалық ойындар өтеді. Оған әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады, оның ішінде Қазақстан өкілдері де болады. Олимпиада бағдарламасына 16 қысқы спорт түрі енді: биатлон, бобслей, скелетон, керлинг, конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, санки спорты, ски-альпинизм, шаңғы жарысы, тау шаңғысы спорты, шаңғымен қос сайыс, трамплиннен секіру, фристайл, сноуборд, шайбалы хоккей. Барлығы 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады – бұл 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 7 медальға көп.

Бұл жарыстарға сапалы дайындық үшін кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар әрбір Олимпиадаға қатысатын үміткер үшін жеке жасалған және оған жалпы физикалық, арнайы физикалық және техникалық-тактикалық дайындық бойынша оқу-жаттығу жиындары, халықаралық рейтингтік турнирлерге қатысу, сондай-ақ спортшыларға жан-жақты медициналық тексерулер жүргізу кіреді.

Осы жоспардың орындау үшін нақты жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстар мен Әлем кубогының кезеңдерінде өнер көрсетіп жатыр, бұл оларға олимпиадалық жолдама алу мүмкіндігін береді. Лицензиялар нәтижелер мен жиналған рейтинг ұпайларының санына қарай бөлінеді.

Қазіргі таңда Қазақстанның ұлттық шорт-трек құрама командасы Әлем кубогының кезеңдеріндегі қатысуын аяқтады. Соңғы, IV кезең 30 қарашада Дордрехт қаласында (Нидерланды Корольдігі) өтті. Жақын арада Олимпиадада шорт-тректе өнер көрсететін спортшылар анықталатын болады. Шығыс Қазақстан облысынан қатысуға үміткер – Зейнеп Құмарқан, ол Қазақстан Республикасының шорт-трек бойынша ұлттық құрамасында өнер көрсетуде.

Фристайл-могул спортшылары 18 қаңтарға дейін Әлем кубогының үш кезеңінде өнер көрсетеді. Жарыстар Финляндияда, Канадада және АҚШ-та өтеді. Қазақстан құрамасы сапында дайындық жүргізіп отырған спортшылардың қатарында Шығыс Қазақстан облысынан шыққан спортшылар бар. Әлем Чемпионатының және Әлем кубогының бірнеше дүркін жүлдегері және жеңімпаздары – Юлия Галышева, Анастасия Городко, Павел Колмаков, Аяулым Әміренова, Антон Бондарев, Фёдор Бугаков. Әлемдік рейтингте спортшылар жоғары орындарды иеленуде. Биыл ел ішінде және шетелде 12 оқу-жаттығу жиындары өтті, сондай-ақ Әлем кубогының 6 кезеңіне қатысты.

Биатлоншыларға Әлем кубогының алты кезеңіне және IBU бақылауындағы алты халықаралық турнирге қатысу күтілуде. Әлем кубогының кезеңдері Швецияда, Австрияда, Францияда, Германияда (екі кезең) және Чехияда жоспарланған. Халықаралық турнирлер Австрияда, Италияда, Швейцарияда, Германияда, Словенияда және Норвегияда өтеді. Ұлттық құраманың сапында дайындық жүргізіп, жарыстарға қатысатын спортшылар: Ольга Полторанина Ольга, Никита Акимов, Егор Гребенщиков.

Шаңғышылар Финляндияда, Норвегияда, Швейцарияда және Италияда өтетін Әлем кубогының бес кезеңіне қатысады. Қазақстан құрамасы сапында Шығыс Қазақстан облысынан Ілияс Исабек өнер көрсетеді.

Трамплиннен секірушілерге 12 Әлем кубогы кезеңіне, екі континентальдық, екі FIS кубогы кезеңіне, Австрия–Германиядағы екі турнирге және бір халықаралық континентаралық стартқа қатысу күтілуде. Жарыстар 2025 жылғы 20 қарашадан 2026 жылғы 18 қаңтарға дейін өтеді. Құрама команда құрамында Шығыс Қазақстан облысының өкілі – Сергей Ткаченко бар.

Тау шаңғышыларына Әлем кубогының тоғыз кезеңінен өту жоспарланған. Үшеуі аяқталды, ал қалған алтысы 2025 жылғы 12 желтоқсаннан 2026 жылғы 25 қаңтарға дейін Швейцарияда, Францияда, Австрияда және Чехияда өтеді. Қатысуға үміткер – Захар Кучин.

Лицензия алу және сәтті өнер көрсетуге үміткерлер үшін барлық жағдайлар жасалған. Спортшылар ай сайынғы қаржылай қамтамасыз етілген. Спортшыларға облыстың жаттығу базаларына кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етілген. Олар қажетті барлық спорттық құрал-жабдықтармен және техникамен қамтамасыз етілген. 2024–2025 жылдары жалпы құны 100 млн теңгеден асатын құрал-жабдықтар сатып алынды.

– Шығыс Қазақстан спортында жаңа есімдер жарқырап көріне бастады. Жас спортшылар халықаралық ареналарда батыл қадам жасап, тәжірибелі буынның ізін жалғап келеді. Өңір спортының көкжиегінде көрініп келе жатқан жаңа жұлдыздар туралы айтып өтсеңіз. Бүгінгі жас буын ішінде үлкен үмітті кімдерден күтесіз?

– Жоғары жетістіктер спортына келсек, бұл бағытта да өңір спортшылары белгіленген межеден көрініп отыр. Әрине, «одан да биікке ұмтылсақ» деген талап әрдайым бар. Дегенмен бүгінгі нәтиженің өзі – жүйелі еңбектің жемісі. 50-ден астам шығысқазақстандық спортшы халықаралық турнирлерде алтын медаль иеленіп, Азия чемпионаттары секілді құрлықтық біріншіліктерде жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл жетістіктер олимпиадалық та, олимпиадалық емес спорт түрлерін де қамтиды. Алайда басым бөлігі – дәл олимпиадалық бағыттар.

Соңғы күндері спорт сүйер қауымды ерекше қуантқан жаңалықтардың бірі – Батырхан Төлеуғалиевтың тарихи жеңісі. Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарының ең жас қатысушысы атанған ол небәрі 17 жасында әлемдік аренада екі жекпе-жек өткізіп, батылдығымен көзге түскен еді. Ал жуырда Кения астанасы Найробиде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында U-21 санатында, 87 келіге дейінгі салмақта төрт кездесу өткізіп, бәрінде қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Бұл – Шығыс Қазақстан спорты үшін ғана емес, ел спортындағы жаңа буынның жарқын көрінісі, «алғашқы қарлығаш» деуге тұрарлық тарихи жетістік.

Әсіресе, семсерлесу спортына келгенде, ерекше мақтанышпен тоқтала кету керек. Бүгінде ұлттық құраманың 55–75 пайызы – Шығыс Қазақстанда тәрбиеленген спортшылар. Ал биыл бұл спорт түрінде тарихи оқиға тіркелді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет қазақстандық семсерлесушілер командалық есепте қола жүлде иеленді. Бұл – аса күрделі, интеллектуалдық әрі техникалық дайындықты талап ететін, «корольдік спорт» саналатын семсерлесудегі үлкен серпіліс. Курбанов, Шарлаимов, Проходов бастаған спортшылар ұзақ жылдар бойы көш бастап келген қарсыластарды жеңіп, тұтас бір дәуірдің бетбұрысын жасады.

Бұдан бөлек, өңір тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижелер де тіркелді. Жастар арасында грек-рим күресінен Азия чемпиондары шықты. Бұл жетістіктер жылдар бойы жүргізілген жүйелі саясаттың, бапкерлер еңбегінің және спортшылардың тынымсыз ізденісінің нәтижесі. Шығыс Қазақстан спорты бүгінде дәстүр мен жаңашылдықты, ауыл мен қаланы, бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын бір арнаға тоғыстыра отырып, жаңа биіктерге бет алып келеді.

Әңгіме арнасы жеңіл атлетикаға ойысқанда, бұл салада да сабақтастықтың берік қалыптасып келе жатқанын ерекше ілтипатпен атап өту керек. Спортта ұрпақ алмасуы – кездейсоқ құбылыс емес, жүйелі еңбектің, дұрыс бағыттың жемісі. Осы тұрғыда қазақстандық жеңіл атлетиканың символына айналған, Олимпиада тұғырынан толық орын алған бірегей тұлғаны айрықша атауға болады.

Ольга Рыпакова – Қазақстан спортының алтын қорына енген есім. Лондон Олимпиадасының алтыны, Бейжіңнің күмісі мен Рио-де-Жанейроның қола жүлдесін иеленген ол бүгінде жеңіл атлетика федерациясының президенті ретінде жаңа буынның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Оның тәжірибесі мен тұлғалық мектебі жас спортшылар үшін тірі университет іспетті.

Жуырда Токио қаласында өткен сурдо-Олимпиада ойындары да Шығыс Қазақстан спорты үшін тарихи жаңалықпен есте қалды. Фаина Мейірманова сурдо-Олимпиада ойындарының чемпионы атанып, ел мерейін үстем етті. Бұл жеңіс тұтас жаттықтырушылар ұжымының, жеңіл атлетика бөлімінің, спорт клубының жылдар бойғы табанды еңбегінің нәтижесі.

Өңірде кәсіби жеңіл атлетика клубы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Бүгінде бұл клубтың сапында ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген бірқатар спортшыны атап өтуге болады. Олардың қатарында Елизавета Матвеева, Надежда Дубовицкая сынды тәжірибелі атлеттермен бірге, жас та жігерлі буын өкілдері де бар.

Солардың ішінде ерекше атап өтер тұлғалардың бірі – Нора Джеруто. Жуырда өткен Азия чемпионатында (командалық есепте) Дейзи Джепкемей екеуі жүлде әкелген санаулы спортшылардың қатарында болды. Әлем чемпионатында өнер көрсеткен Нора жарыс барысында үш мәрте сүрінгеніне қарамастан, қайсарлық танытып, жарысты соңына дейін аяқтады. Нәтижесінде алғашқы алтылыққа еніп, топ-6 қатарынан көрінді.

Нора Джерутоның алдына қойған басты межесі – Олимпиада. Сондықтан оның дайындығы ұзақмерзімді әрі мақсатты сипатта жалғасады. Мұндай спортшылар – жеңіл атлетикадағы сабақтастықтың нақты көрінісі.

– Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан командалық спорт түрлерінде де айқын нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Хоккей, футбол, волейбол секілді ойын түрлеріндегі табыстар – жүйелі жұмыстың көрінісі. Осы командалық жетістіктердің артында қандай қағидаттар мен басқарушылық шешімдер тұр және бұл модельді ұзақмерзімді нәтижеге жеткізудің басты шарты неде деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда облыс аумағында 1628 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында мемлекеттік спорт жүйесіне, білім беру мекемелеріне қарасты және жекеменшік спорт объектілері бар. Соңғы жылдары өңірдің әр ауданында жаңа спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жобалар қолға алынған.

Материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, облыс спорт нысандарының жабдықталу деңгейі бүгінде 52 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш спортшылардың сапалы әрі жүйелі жаттығу жүргізуіне мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда өңірде 38 ведомстволық спорт мекемесі бар. Онда 800-ден астам жаттықтырушы еңбек етеді, ал 18 мыңнан астам бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысады.

Бұқаралық спорттың жай-күйіне тоқталсақ, бүгінде Шығыс Қазақстан облысында халықтың 45 пайызы, яғни, 360 мыңнан астам адам дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Соның 230 мыңнан астамы – ауылдық жерлердің тұрғындары. Бұл – ауыл спортының да жүйелі түрде дамып келе жатқанын аңғартатын айқын дерек.

Бұқаралық спортты дамыту – тек статистикалық көрсеткіш емес, ұлт саулығы мен болашақ чемпиондардың іргетасын қалау. Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтып, әрбір баланың спортпен шұғылдануына жағдай жасау – өңір спорт саясатының басты бағыты болып қала береді.

Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстанда ұлттық рухты жаңғыртатын дәстүрлі халықтық спорт түрлері де қайта жанданып келеді. Қазіргі таңда өңірде 23 спорт түрі бойынша дәстүрлі және ұлттық ойындар тұрақты түрде өткізіліп, оларға 3000-нан астам спортшы қатысуда. Оның 11-і – ұлттық спорт түрлері, ал қалған 12-сі – дәстүрлі спорт бағыттары, соның ішінде футбол секілді бұқаралық сипатқа ие ойындар бар. Бұл бастамалар тек жарыс өткізумен шектелмей, ұлттың болмысын, дала мәдениетін жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған.

2025 жылы Шығыс Қазақстан облысының спортшылары барлық кешенді республикалық жарыстарға толық қатысып, өңір намысын абыроймен қорғады. Әсіресе, ауыл спортын дамыту бағытына ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі таңда Щучинск қаласында өтіп жатқан ауыл спортшылары арасындағы қысқы спартакиадада шығысқазақстандықтар жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Екі спорт түрі бойынша жарыстардың қорытындысы шықты.

Шайбалы хоккейден облыс құрамасы финалға дейін жетіп, алтын медаль үшін тартысты ойын көрсетті. Команда құрамында Алтай қаласының ойыншылары мен Ұлан ауданының өкілдері өнер көрсетті. Финалда Ақмола облысының Родина ауылынан келген тәжірибелі қарсыластармен кездесіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Бұл – ауыл спортшылары үшін өте жоғары әрі үміт ұялататын нәтиже.

Конькимен жүгіруден де өңір спортшылары қуантты. Қыздар құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шығып, чемпиондар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал шаңғы спортынан келген делегация – ең ауқымды құрам. Олар әлі де жүлделі орындар үшін күресті жалғастырып жатыр.

Соңғы бес-жеті жылда кәсіби командалар сақталып, нақты мақсатты индикаторлармен жұмыс істеп келеді. Мәселен, бұрын Алтай клубының намысын қорғаған әйелдер волейбол командасы бүгінде Берел атауымен өнер көрсетіп жүр. Соңғы екі маусымда команда ел чемпионатында тұрақты түрде екінші орыннан көрініп келеді. Ең маңыздысы – бұл нәтижелер бұрынғыдан әлдеқайда ықшам бюджетпен, негізінен өз тәрбиеленушілеріне сүйене отырып қолға жетіп отыр. Егер бір кездері клуб бюджеті миллиард теңгеден асса, бүгінде ол шамамен жарты миллиард көлемінде, алайда тиімділік төмендеген жоқ.

Ал Шығыс Қазақстан үшін спорттың «патшасы» саналатын шайбалы хоккей – тұтас мәдениет, дәстүр. Соңғы маусымда жанкүйерлер қайтадан трибуналарға оралып, мұз айдынында төрт мыңнан астам көрермен жиналатын болды. Билеттердің лезде сатылып кетуі – команданың халық жүрегінен орын алғанының айғағы.

Өткен маусымда шығысқазақстандық хоккейшілер тартысты жолдан өтіп, финалға дейін жетіп, Қазақстанның кәсіби хоккей лигасында күміс жүлде иеленді. Ал биыл команда тағы бір тарихи белесті бағындырып, Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Финалда өткен маусымның чемпионын айқын басымдықпен ұту – команданың әлеуеті әлі де жоғары екенін көрсетті. Қазіргі таңда ұжым турнир кестесінде екінші орында келе жатыр, ал басты мақсат – плей-оффқа шығып қана қоймай, чемпиондық үшін күресу.

Ең қуантатыны – команданың негізін өз өңіріміздің тәрбиеленушілері құрайды. Жаттықтырушылар мен педагогикалық құрам да – Шығыс Қазақстан хоккей мектебінің өкілдері. Тіпті ел чемпионатында өнер көрсетіп жүрген өзге командалардың бапкерлер құрамына көз салсаңыз, олардың шамамен жетпіс пайызы – кезінде Өскемен мұз айдынында шыңдалған, осы мектептен түлеп ұшқан мамандар.

Шығыс Қазақстан спорты бүгін өткеніне сүйеніп қана қоймай, болашағын нық қалыптастырып келеді. Сабақтастық бар жерде – нәтиже бар, ал халық сүйген спорт бар жерде – жеңіс жолы ешқашан тоқтамайды.

Жастар хоккейі бағытында да Шығыс Қазақстанның үміті ақталып келеді. Өткен маусымда өңірдің жастар командасы турнирде топ жарып, чемпион атанды. Бұл жеңіс – негізгі құрамға дайын тұрған қуатты резерв бар екенін айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Яғни, Шығыс Қазақстан хоккейінде бүгін ғана емес, ертең де сеніммен арқа сүйер буын қалыптасқан.

13 жылдық үзілістен кейін Шығыс Қазақстанға үлкен футбол қайта оралды. Бұл жетістік Алтай клубының жаңа құрамымен тікелей байланысты. Команданың шамамен 70 пайызы – өз өңіріміздің тәрбиеленушілері. Алғашында құрамды кемінде үш жыл бойы қалыптастыру жоспарланғанымен, білікті бапкерлік штаб пен ұжымдық сенімнің арқасында команда бұл межені әлдеқайда ертерек еңсерді. Нәтижесінде, 500 миллион теңге көлеміндегі салыстырмалы түрде шағын бюджетпен Премьер-лига жолдамасы үшін күресте жеңіске жетті.

Хоккейдің қайта серпін алуы, футболдың жаңа тынысы – бәрі де ашықтық пен айқын басқару қағидаттарының нәтижесі. Қаржының ашықтығы, кадрлық әділдік, өз тәрбиеленушілеріне сенім арту – командалық спорт түрлерін қайта тірілткен негізгі факторлар.

Бүгінде әрбір кәсіби клубтың жанында қамқоршылық және байқау кеңестері жұмыс істейді. Бұл – қаржының ашықтығын қамтамасыз ететін, шешім қабылдау процесін қоғамдық бақылауға ашатын маңызды тетік. Соның нәтижесінде бірде-бір клубта еңбекақы кешіктірілген емес, мақсатсыз немесе дарақылыққа жол беретін шығындар тіркелмеген. Клубтар толық медициналық сүйемелдеумен, дәрумендендірумен, жарыс пен жаттығу күнтізбесіне сай жоспарланған дайындықпен қамтылған. 

Футболға қатысты мақсат та жасырын емес – Премьер-лигада берік орнығу. Бұл үшін тек құрам емес, инфрақұрылым да жоғары талапқа сай болуы тиіс. Премьер-лига мен Бірінші лига – екі бөлек деңгей, ал талаптары халықаралық стандарттарға, соның ішінде UEFA нормаларына сәйкес келеді. Осы орайда 2024 жылы Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстанға сапары барысында өңірде 5 мың орындық, жабық, үшінші санаттағы футбол стадионын салу жөнінде нақты тапсырма берілді. Мұның себебі де түсінікті: өңірде қыс жеті айға созылады, ал ашық стадион мұндай жағдайда толық тиімділік бере алмайды.

Қазіргі таңда облыс әкімі Нұрымбет Аманұлының тікелей бақылауымен стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жер телімі айқындалып жатыр. Жоспар бойынша, 2026 жылдың сәуір айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталмақ. Бұл – тек футбол үшін ғана емес, жыл он екі ай пайдаланылатын, көпфункционалды спорт кеңістігін қалыптастыруға жол ашатын жоба.

Сонымен қатар, аймақ басшысы мәлім еткендей, қысқы спорт түрлеріне арналған заманауи мұз орталығын салу жоспары да нақты кезеңге өтті. Бұл кешенде Олимпиада бағдарламасына енетін 32 медаль жиынтығы шоғырланған спорт түрлері дамытылады. Атап айтқанда, конькимен жүгіру (12), шорт-трек (8), керлинг, мәнерлеп сырғанау және шайбалы хоккей бір орталықта тоғысады. Бұл спортшылардың дайындығын жүйелеуге, ғылыми-әдістемелік тұрғыда біріктіруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, өңір үшін көптен бері жетіспей келген универсалды спорт кешенінің құрылысы да күн тәртібінде тұр. Шығыс Қазақстан волейболы ел чемпионатында талай мәрте чемпион атанып, ұлттық лигада тұрақты ойнап жүргенімен, өзіне лайық аренаға әлі қол жеткізбеген. Жаңа кешен 5 мың көрерменге арналған, бірнеше жаттығу залымен жабдықталған болады. Оның құрамына 50 метрлік олимпиадалық бассейн де енеді. Себебі кешенді жарыстарда, соның ішінде спартакиадаларда жеңіске жету үшін сарапқа салынатын көп кешенді спорт түрлерін дамыту шешуші рөл атқарады. Бұл тұрғыда жеңіл атлетика (48 медаль жиынтығы) мен жүзу (36) – стратегиялық басым бағыттар.

– Спорттық инфрақұрылымды дамыту, мықты резерв қалыптастыру және спортшыларды сапалы оқытып, дайындау – өзара тығыз байланысты үш бағыт. Осы үштаған тұрғысынан қарасақ, бүгінгі Шығыс Қазақстан спортының мүмкіндігі қандай деңгейде, ертеңгі чемпиондарды тәрбиелеуге қаншалықты дайын?

– Жастардан құралған қуатты резерв, халықаралық аренада шыңдалып жүрген атлеттер, халық сүйген хоккей мектебі мен әділеттілікке негізделген басқару – өңір спортының берік тірегі болып қала бермек. Шығыс Қазақстанда спортты ұйымдастырып, жүйелі түрде жүргізіп отырған кәсіби әрі біртұтас команда қалыптасқан. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері тұрақты жұмыс істеп, спорт нысандары тек кәсіби спортшыларға ғана емес, ардагерлер мен қарапайым тұрғындарға да ашық бола бастаған.

Мәселен, теннис спортымен шұғылданатын ардагерлер тобы бар. Олардың саны алпысқа жуық, әрі олар аптасына үш рет тұрақты түрде жаттығуға келеді. Сол сияқты орталық бассейн мен су спорт кешендері де халық игілігіне қызмет етуде. Бұрын бірқатар ғимараттардың мақсатсыз пайдаланылғаны жасырын емес. Заңсыз орналасқан нысандар босатылып, бүгінде ол жерлер қайтадан дене шынықтыру мен сауықтыру сабақтарына берілді. Қазір мұнда қала тұрғындары, әйелдер қауымы мен егде жастағы азаматтар аптасына төрт рет тегін негізде жаттығуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – спорттың әлеуметтік миссиясы нақты іске асып жатқанын көрсететін мысал.

Материалдық-техникалық базаны нығайтуымен қатар, кадрлық әлеуетті күшейту де басты назарда. Жаттықтырушыларға арналған семинарлар, біліктілікті арттыру курстары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Соның айқын дәлелі – 2024 жылы Ресейден арнайы шақырылған белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы Василий Иванович Филимоновтың бір ай бойы өңірде жұмыс істеуі. Ол екі апта ішінде бокс бапкерлерімен тікелей тәжірибе алмасып, оқу-жаттығу процесін жаңаша көзқараспен қайта құруға ықпал етті. Нәтижесі көп күттірмеді: сол кезеңде жасөспірімдер санатында көзге түскен боксшылар арада бір жыл өтпей-ақ жастар арасында чемпион атанды.

Бокс саласына келгенде де өңірде үміт үзілмеген. Жуырда өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында жеті боксшы жартылай финалға, оның ішінде екеуі чемпион атанып, ел назарын өзіне аударды. Бүгінде жастар санатында жеті спортшы Қазақстан құрамасының қатарына енген. Олардың екеуі – айқын көшбасшылар. Алдағы уақытта дәл осы жас буын әлем чемпионаттарында ел намысын қорғауға үміткер.

2026 жыл Шығыс Қазақстан спорты үшін айрықша жауапты кезең болмақ. Қысқы Олимпиада ойындары, жазғы Азия ойындары, өзге де ірі кешенді халықаралық жарыстар – бәрі де алдағы жылдың еншісінде. Бұл додаларда өңір спортшылары ұлттық құрамаға ену, ел намысын қорғау үшін тартысты бәсекеге түседі.

Бүгінде облыстан қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша негізгі құрамда 56 спортшы, ал жазғы ойындар бойынша резервте 40 атлет бар. Бұл – халықаралық бәсекеге дайын тұрған, жүйелі іріктеуден өткен спортшылар легі. Жастар құрамында да резервтер аз емес: қысқы спорт түрлерінен 41 жас спортшы, ал жазғы спорт бағытында 80-нен астам өрен жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

Ал жасөспірімдер деңгейінде көрсеткіш одан да ауқымды. Қазақстанның континенттік құрамаларына Шығыс Қазақстаннан қысқы спорт түрлері бойынша 125, жазғы спорт бағыттарынан 183 тәрбиеленуші шақырылған. Бұл – бір ғана маусымның емес, ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Олимпиадалық спортпен шектелмей, өңірде олимпиадалық емес бағыттар да қарқынды дамып келеді. Мәселен, жуырда өткен Азия чемпионатында ұлттық спорт мектебінің өкілдері алтын және қола жүлделерді иеленіп, қазақтың дәстүрлі спорт түрлерінің де халықаралық деңгейде әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді.

Спортшыларды ынталандыру тетіктері де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда облыста 180 спортшы арнайы стипендия алып, мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие. Бұл – талантты жастарды спортта ұстап қалудың, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасаудың маңызды құралы.

Бүгінде спортшы еңбегі нақты бағаланып отыр. Олимпиада ойындарында жеңіске жеткендерге тағайындалатын сыйақылар – соның айқын дәлелі. Алтын медаль – 250 мың АҚШ доллары, күміс – 150 мың, қола – 75 мың, тіпті төртінші, алтыншы орындардың өзі лайықты марапатталады. Бұл сандарды жай байлықтың өлшемі ретінде емес, еңбектің өтеуі ретінде қабылдау керек. Барлығы бар, мүмкіндік те бар. Бірақ соған жету үшін тер төгу керек, шыдау керек, еңбек ету керек.

Шығыс Қазақстан ірі республикалық спорттық жарыстарды қабылдайтын орталыққа айналып келеді. Өңірде өткен осындай ауқымды шаралар спорт инфрақұрылымына, ұйымдастырушылық тәжірибеге және жалпы өңір спортының беделіне қандай серпін берді деп ойлайсыз

Шығыс Қазақстанның ірі республикалық спорттық іс-шараларды өткізуге толық дайын өңірге айналғанын нақты мысалдармен ашып көрсетуге болады. Биыл облыс бір ғана жарыспен шектелмей, алпыстан астам республикалық деңгейдегі іс шаралармен жұмыс істеп, бірқатар жауапты додаларды жоғары деңгейде қабылдады. Солардың бірі – үстел теннисінен өткен республикалық спартакиада. Бұл жарыстың ерекшелігі – қатысушылардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар болуы. Елдің түкпір-түкпірінен 77 мүмкіндігі шектеулі спортшы келді. Оларды әуежайдан бастап қарсы алу, арнайы көлікпен тасымалдау, қолжетімді инфрақұрылым, тұру мен тамақтануды толық ұйымдастыру – мұның бәрі үлкен дайындық пен кәсіби жауапкершілікті талап етті.

Бұл ретте өңірдегі теннис орталықтарының мүмкіндігі толық пайдаланылды. Барлық талапқа сай инфрақұрылым жасалып, спортшылардың өзін еркін, қауіпсіз әрі жайлы сезінуі басты назарда болды. Үш мезгіл тамақ, демалыс бөлмелері, үздіксіз логистика – мұның бәрі жарыстың сыртқы емес, адамдық сапасын арттырды.

Осы жылы Шығыс Қазақстанда велоспорттан Қазақстан Ұлттық чемпионаты да алғаш рет өтті. Бұған дейін өңірде мұндай деңгейдегі жарыс ұйымдастырылмаған. Оның ішінде сурдо-велоспорт та қамтылды. Бұл – ерекше форматтағы жарыс: алдыңғы велосипедші – бағыттаушы, бапкер әрі жетекші, ал артында – негізгі спортшы. Мұндай жарыстарға қатысатын адамдардың қайсарлығына ерекше тоқталу керек. Тағдырдың сынағына мойымай, жаттығып, күресіп жүрген жандар – рухтың шынайы жеңімпаздары.

Әсіресе, үстел теннисіндегі көріністер кез келген жанды бейжай қалдырмайды. Кей спортшылардың қолы жоқ, кейбірі туғаннан мүмкіндігі шектеулі. Бірақ олар ракетканы скотчпен байлап алып, бар күшін салып ойнайды. Бұл – жай спорт емес, өмірге деген шексіз құштарлықтың көрінісі. Мұндай сәттерде спорттың шынайы мәні ашылады: ол тек жарыс емес, адамның өз тағдырымен күресі.

Сұхбатыңызға рахмет!


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу