ШҚО-да ауыл тұрғыны медбикені зорлаған
Бородулиха ауданына қарасты Зүбайыр ауылында сұмдық оқиға болды. Үйіне медбикені шақыртқан ауыл тұрғыны оған зорлық көрсеткен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі "Бірінші арна Еуразия" телеарнасына сілтеме жасап.
Ауылдасынан жәбір көрген 30 жастағы Жанар – үш баланың анасы. Осы ауылда медбике болып қызмет еткеніне 10 жылдай уақыт болыпты. Өткен жылдың қазан айында тұрғындардың бірі оны үйіне шақыртып, система қойып беруін сұрайды. 45 жастағы ер адам ауылдың мал дәрігері екен. Ішімдіктен ұрттап алған «науқас» үйіне келген медбикеге тап береді.
- Мені еденге құлатты. Мен жыладым, жалындым, маған тиіспеуін сұрадым. Ал ол мені жастықпен тұншықтырды. Ауа жетпей, әлсіреп кеттім. Қазір пышақ не балта алып, мені бауыздайтын шығар деп қатты қорықтым, - дейді жәбірленуші.
Ол әйелге бірнеше сағат бойы ойына келгенін істеген. Ақыры, бейшара әйел ебін тауып, үйден қашып шыққан. Айтуынша, артынан қуып жеткен ер адам оған 10 мың теңге ұсынып, ренжімеуін өтініпті.
Зорлық көріп, көз жасы көл болған Жанарды ауыл тұрғыны Үміт Жүсіпова көшеде көріп қалып, үйіне ертіп апарады.
- Жанарды әкімдіктің алдынан көріп қалып, шақырып едім, ол қаша жөнелді. Мен оны қуып жеттім. Ол мені құшақтай жылады. «Не істеймін?», «Қайда барамын?» деп еңіреп, болған жағдайды айтты. Оны үйіме ертіп апардым, - дейді Үміт Жүсіпова.
Бұл ауылда не бары 60 үй ғана бар. Тұрғындардың барлығы бір-бірін таниды, қиындықта бір-біріне қолдау көрсетуге дайын. Сұмдық оқиға тұрғындардың жағасын ұстатты. Олар кінәлі ер адамның ең ауыр жазаға тартылуын талап етеді. Жәбір көрген медбике енді жұмысқа шығудан қорқып отыр.
Үш баланың анасына зорлық көрсеткен мал дәрігерінің жұбайы жәбірленушіден бірнеше рет кешірім сұрап келіпті. Ал 45 жастағы еркектің ата-анасы мұндай қорлыққа шыдамаған болса керек, ауылдан кетіп қалған екен. Ауылдың ақсақалдары болса, бұл адамның бұрын да талай теріс қылық көрсеткенін айтады. Алайда бір ауылдың адамдары болған соң, оған үнемі кешіріммен қарайтын.
Осы оқиғадан кейін медбикеге пәтер де, ақша да ұсынған деседі. Бірақ әйел одан бас тартып, кешірмейтінін жеткізіп отыр. Дегенмен күдіктінің прокуратурада тамыр-таныстары бар екен деген сыбыс таралып, ауыл тұрғындары сот тергеуінің сапасына алаңдауда.