Ресей Қазақстанға 76 миллион доллар өтемақы төлеуі керек
Қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар ресейлік «Транснефть» компаниясынан «Дружба» құбырындағы хлорорганикалық ластанған 700 мың тонна мұнай үшін өтемақы күтуде. Бұл туралы еліміздің энергетика вице-министрі Әсет Мағауов хабарлады, деп жазады kursiv.kz.
Мағауовтың айтуынша, тараптар әлі күнге дейін өтемақы төлеу мәселесінде ортақ шешімге келе алмауда. Вице-министр ресейлік компанияның соңғы әрі нақты ұсыныстары мен тараптардың келісімін күтудің дұрыс екендігін айтып, өтемақы мөлшеріне қатысты түсініктеме бермеді.
Айта кетейік, өткен аптада қазақстандық «ҚазТрансОйл» мұнай құбыры операторының баспасөз қызметі кондицияланбаған мұнай шығындарын өтеу мәселесінде ресейлік монополиспен уағдаластыққа қол жеткізгенін хабарлаған болатын.
Бұған дейін ақпарат құралдары ресейлік тарап Қазақстанға ластанған мұнай үшін бір барреліне 15 АҚШ доллары көлемінде (жалпы сомасы шамамен 76 миллион долларды құрайды) өтемақы төлеуі мүмкін екенін жазған-ды.