KZ
Өскемен
-3°
туман Штиль
504.49 587.73 6.57

Шығыстағы қысқы демалыс маусымы полицияның бақылауында

Бүгін, 13:30 75 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстанның аумағында орналасқан қысқы туристік нысандардағы қауіпсіздікті бақылау, демалушыларға қолайлы жағдай жасау облыс полицейлерінің басты міндеттерінің бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Еске салайық, жуықта өткен қысқы маусымның ашылу шарасына қатысқан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков демалыс нысаны инфрақұрылымымен танысып, тау беткейлерінің жағдайын және қызмет көрсету сапасын бағалаған болатын. 

Департамент басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адамдар көп келетін орындарға қауіпсіз демалыс жағдайларын жасау – ішкі істер органдарының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Ең бірінші кезекте демалушы адамдардың қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп мен жолдардағы қауіпсіздік маңызды. Мысалы, бүгін мыңнан астам адам жиналды. Адам көп шоғырланған жерде түрлі қылмыстардың да белең алатыны белгілі. Сондықтан жиналған аудиторияны пайдалана отырып, есірткі қылмысының алдын алу, интернет алаяқтары, басқа да заң бұзушылықтар туралы толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмыстар тұрақты жалғасын табады, – деді Ерлан Омарбеков.  

Сондай-ақ, демалыс алаңында полицейлер профилактикалық іс-шаралар өткізді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ата-аналар мен жастарға есірткі қолданудың қауіптілігі мен одан сақтанудың жолдары туралы ақпарат берді.

Бұдан бөлек арнайы ақпараттық аймақ киберқауіпсіздікке арналды. Демалушыларға интернет алаяқтарының кең таралған схемалары мен жеке деректерді қорғау жолдары туралы айтылып, нұсқаулық парақшалар таратылды. Киберполиция қызметкерлерінің айтуынша, демалыс кезінде де сақ болу аса маңызды.

Полиция қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, қызметтердің үйлесімді жұмысын қадағалайды, бұл кез келген ауқымды іс-шаралардың, мерекенің тыныш өтуіне және әрбір қонақтың өздерін алаңсыз сезінуіне жағдай туғызады.

Тәртіп сақшылары азаматтарға жолда да, базалар аумағында да қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет екенін, жүргізушілер жол жүрісі қағидаларын, ауа райы мен маршрут ерекшеліктерін ескеруді, ал курорт аумағында белгіленген ережелерді орындауы тиіс екенін ескертеді.


Дәурен Аллабергенұлы 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу