KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Ешкім де ұмытылмайды: Басшылығын тастап, шопан таяғын ұстаған ел батыры

Кеше, 17:30 82

Жау оғы мен өмір өткелінен өткен Әшімхан Пыштақовтың тағдыр жолы – қарапайым еңбектің ұлылыққа жетелейтінінің айқын дәлелі. Соғыста ерлік көрсетіп, бейбіт заманда мыңғырған мал өсіріп, елдің ырзығын арттырған қайсар жан туралы естелік жыл өткен сайын қымбат. Altainews.kz редакциясы Жеңістің 80 жылдығы аясында ардақты ардагердің өскелең ұрпаққа өнеге болар өмір жолынан сыр шертеді.

Күршімдіктер соғыс және еңбек ардагері Әшімхан Пыштақов жайлы сөз бола қалса, ол кісінің қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленгенін, тіпті бөлімше басқарушы қызметін тастап, өз еркімен шопанның құтты таяғын ұстағаны жайлы айтады. Күршім ауданы Ақши ауылында дүниеге келген Әшімханның балалық шағы қиын өткені жайлы маған оның немересі, жоғары білікті дәрігер, Оңтүстік Кореяда «Болашақ» бағдарламасы бойынша біліктілігін жетілдірген, бұл күндері Астана қаласындағы тоғызыншы емханада кардиолог-дәрігер қызметін атқаратын Айжан Мейірханқызы айтқан еді.

– Менің атамның ерекше қасиеті ел мен жерді қастерлеу, қоғамға барынша адал қызмет ету жайлы санамызға құйып отыратын. Атамыз соғыс жайлы айта бермейтін. Ерте есейді... Әке-шешесі де мал шаруашылығымен айналысқан, тары егіп, тіршілік еткен. 11 жасында әкесімен бірге Ащыбасы маңындағы үлкен тұзды көлден тұз жинап, Құмашқа апарып, орыс көпестеріне киім-кешек пен азық-түлікке айырбастап отырған. Әкесі қайтыс болған соң 16 жасында Тастоғам ауылына көшіп келеді. Мұнда әртүрлі қара жұмыстарды атқарып, бригадирлікке дейін көтерілді. Білімін көтерді, өзінің алғырлығы мен еңбексүйгіштігі, ұйымдастыру қабілеті арқылы ферма меңгерушісі болды. Кейін өз еркімен шопанның құтты таяғын ұстады. Мен атамды ерекше құрметтеймін, жарқын бейнесі көз алдымда, – деп тебіренді Айжан Әшімханова.

Реті келгенде айта кету керек, Әшімхан мен Нұртай Пыштақовтар төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Жеті баладан қалған Қайырхан, Сейілхан, Мейірхан, қыздары Дәметкен әр салада жемісті қызмет етті, бұл күндері балалары мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Әшімхан ақсақалдың кенже ұлы Мейірханмен бұрыннан таныспыз. Алматыдағы қазақ политехникалық институтының тау-кен инженер-маркшейдері факультетін бітірген соң ол әрі қарай білімін жетілдіріп, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жер кадастры және жылжымайтын мүлікті бағалау мамандығы бойынша бітіріп, өңірдің әр саласында қызмет етті. Мемлекеттік қызметте де табысты еңбек етті. Соңғы жылдары аумақтық жер испекциясын басқарды.

– Соғыс басталғанда әкемді біразға дейін алмапты. Себебі белгілі, жастардың көбі қан майданға аттанып кеткен. Елде қарт адамдар мен әйелдер, балалар ғана қалған. Әкемнің жасы отыздан асып кеткен. Оның үстіне ауыл шаруашылығында жұмыс күші жетіспейді. Ақыры әкемді Қиыр Шығысқа жапон соғысына алып кетті, – деп сол бір сұрапыл күндерді еске алды Мейірхан Әшімханов.

...1941-ші жылы Кеңес одағы мен Жапония арасында бейтараптық келісім жасалғанымен, жапон милитаристері Манчжурияда күш шоғырландырып, Қиыр Шығысқа басып кіруге дайындала бастады. Кеңес-герман соғысы жүріп жатқанда Забайкалье, Хабаровск, Приморье өңірлерінде мыңдаған жапонның шекара бұзушылары мен тыңшылар ұсталды. Мұндай қысымға төтеп беру үшін Қиыр Шығыста бір жарым миллион кеңес жауынгерлері сақадай сай тұрды. 

1945-ші жылдың тамыз айында Кеңес әскері жапондардың Квантун армиясына қарсы бес мың шақырымға созылған әскери операцияны бастады. Міне, осы соғысқа Күршімнен барған Әшімхан Пыштақов та қатысып, ерлік жасады. Аман есен елге оралғанда оның омырауында «Ұлы Отан соғысының екінші дәрежелі ордені», «Жапонияны жеңгені үшін» медалі жарқырады. Бұдан кейін «Ұлы Отан соғысының жеңісіне 30 жыл», «Ұлы Отан соғысының жеңісіне 40 жыл», «Еңбектегі ерлігі үшін», Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.

Соғыстан кейінгі өмірін ел игілігіне арнаған Әшімхан Тастоғам бөлімшесінде мал шаруашылығы саласында жалғастырады. Ұйымдастырушылық қабілеті арқасында бөлімше мол табыстарға жетеді. Әшімхан ағаның елге қайырымдылығы ел есінде. Бірде бір шопанның мойнына айып тағылып, сотталып кете жаздағанда «жерлесімізді қорғап қалмасақ, елдігімізге сын емес пе» деп, ел ішінен жылу жинап, қарызын жауып, құтқарып қалған еді. Бөлімшені озаттар қатарына қосқан ел ағасы ақыры басшылық жұмысын өз еркімен тастап, шопанның құтты таяғын ұстайды. Екінің қолынан келмейтін бұл ісін ол «қой төлдетіп, мал басын көбейтсем, пайдам көп тиеді ғой» дейтін.

1963-ші жылы отбасы Күршім кеңшарына қоныс аударып, қарап отыра алмай еңбекке белсене кірісіп кетеді. 1964-ші жылы Тоқаев ақсақалмен бірге екі табын қойды Күршім кеңшарына айдап әкеліп, шаруашылықтың негізін қалауға үлес қосады. Сол бір мың бас қой кейін 50 табынға дейін көбейіп, 40 мыңнан асады. 1975-1980 жылдары «Күршім» кеңшары «миллионер» атанып, Әшімхан Пыштақовтың есімі облысқа тарайды. Әр жүз саулықтан 120-ға дейін қозы алып, республикалық және облыстық шопандар жиынында құрметке бөленеді. Есімі облыстың құрмет тақтасынан орын алады. Мәскеуде өткен халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысады, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. 

Ол ол ма, Әшімхан аға өзі ұнатқан мамандығына жан-тәнімен беріліп, қой өсірудің, төл алуды қалай арттыруға болатыны жайлы оқу құралдарын, газет-журналдарды мұқият оқиды, ізденеді. Ол кісінің үйінен газет-журнал үзілмейтін деп еске алады, жерлестері. Міне, осының арқасында Әшекең қатарынан он жыл бойы жыл сайын әр жүз саулықтан 115-120-дан қозы алып, әр қойдан 3,8 келі жүн алып, үздік нәтижеге қол жеткізеді. 

– Әкеміз ауыл-аймаққа, ағайын-туысқа сыйлы, сөзі өтімді, беделді жан болатын. Өз ойын бүкпелемей ашық айтатын, ауданнан келген башылардың өзі оның ақыл-кеңесіне жүгініп, дәм татып кетуді мәртебе санаған. Мал шаруашылығына қатысты-жайлау, қыстау, төл алу сияқты мәселелерде ақыл қосып, бағыт-бағдар беретін. Ол кісі ешкімнің өтінішіне жоқ демейтін. Жиындарда өз ойын батыл айтатын. Анамыз Нұртай әкеме лайықты жар болған, қазақы болмыстың көркем бейнесі еді. Тынымсыз еңбекқор, кемел мінезді жан болатын. Жеті бірдей ұл-қызын тәрбиелеп өсірді, қатарға қосты. Өкінішке орай, үшеуі өмірден өтіп кетті. Анамыз ұлттық киім киіп, ұқыпты, сәнмен жүруді ұнататын. Үйін таза ұстайтын, озат шопанның үйінен қонақ үзілмейтіні белгілі, әрі дастарханы мол, тағамы дәмді болған соң аудан басшылары облыстан келген қонақтарды біздің үйге ертіп келетін. Әкеміз – асқар тауымыз, анамыз – сүттей ұйыған шаңырақтың тірегі еді. Ата-анамызды әрдайым құрметтеп, еске алып отырамыз, – дейді Әшімхан ақсақалдың кенже ұлы Мейірхан.

Жеңістің 80 жылдығында елімізге бейбіт өмірді сыйлаған, қан майданда арпалысып, кейінгі ұрпақтың бақытты ғұмыр кешуіне үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету – парызымыз. Екі майданда ерлік көрсеткен Әшімхан Пыштақов мәңгілік ел есінде ...



Оңдасын Елубай,

«Қазақстанның құрметті журналисі»

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу