Мұрағаттық анықтамалар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерді беру процесі жеңілдетілді
![](/kz/engine/skins/images/noimage.jpg)
Ағымдағы жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер мен мұрағаттық анықтамаларды беру бойынша Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандартына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтында жарияланып отыр.
Енді мұрағаттық анықтамаларды алу үшін құқықтық статистика органына жүгінуі қажет емес. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы арқылы өтініш берсе жеткілікті. Бұл өзгеріс қызметті көрсету мерзімін 30 күнтізбелік күннен 10 күнге қысқартады.
Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерді беру процесі жеңілдетілді. Ол тек «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталда ЖСН-нің көмегімен тіркеуден өтіп, сондай-ақ «қызметке онлайн тапсырыс беру» функциясын көрсету қажет. Мәліметтерді құқықтық статистика органы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы алудың баламасы жойылған. Анықтаманы алу мерзімі 3 жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқарды.