Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 1,5 есе артты
Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперациясы тұрақты дамып келеді. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, 2019 жылы 2 840 кооператив болса, 2024 жылы олардың саны 4 465-ке жетіп, 1,5 есе артты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кооперацияны дамыту үшін барлық мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік қамтамасыз етілген. Фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылық иелеріне салықтық жеңілдіктер беріліп, ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу кезінде қосымша ұпай қарастырылған. Сондай-ақ білім тарату орталықтары базасында оқыту жұмыстары жүргізілуде.
2023 жылдан бастап іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қала тұрғындарына бизнес-жобаларды 2,5% мөлшерлемемен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейін кредиттеу және лизингтеу мүмкіндігі ұсынылады. Кооперативтер үшін қаржыландыру көлемі де ұлғайтылған.
Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау шарттары жеңілдетіліп, кооперативтер үшін бірқатар талаптар алынып тасталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кооперацияны дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар әзірленіп, 2029 жылға дейінгі ынталандыру жоспары бекітілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі кооперацияны қолдау, фермерлердің әлеуетін арттыру және ауыл тұрғындарының табысын көбейту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.