ШҚО-да полиция департаменті хорының 15 жылдығы атап өтілді
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті хорының 15 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті. Мерекелік кеш облыстық драма және оперетта театрының сахнасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мерекелік бағдарлама салтанатты әуенмен және аймақ полициясының мәдени-идеологиялық жұмысының ажырамас бөлігіне айналған ұжымның құрылу тарихы туралы фильммен ашылды.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтау сөз сөйлеп, хордың мәдениетті дамытуға, патриоттық құндылықтарды нығайтуға және ішкі істер органдарының оң имиджін қалыптастыруға қосқан үлесін атап өтті.
Салтанатты кеште жылы лебіздермен қатар, шынайы тебіреніске толы сәттер де аз болмады. Хор мүшелері мен шығармашылық ұжым өкілдері мәдениет саласына қосқан үлесі мен қызметке адалдығы үшін ШҚО полиция департаментінің және облыс әкімі орынбасарының марапаттарына ие болды.
Көп жылдан бері ұжымның кәсіби деңгейі мен ерекше үнін сақтап келе жатқан көркемдік жетекші әрі дирижер Ләйлә Солтановаға ерекше алғыс айтылып, құрмет көрсетілді.
Концерт хордың тарихы мен жанын айқара ашты. Сахна төрінде "Алаш ұраны", "Менің Қазақстаным", "Атамекен" секілді патриоттық және лирикалық туындылар шырқалды. Әсіресе, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға арналған шығармалар көрерменді ерекше толқытты.