Қазақстанда «Hyundai» зауыты салынып жатыр
Алматыда «Hyundai» зауытының құрылысы басталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Зауыт – толық циклды, өндірістік қауаты да мол болмақ. Бастапқы кезеңде жылына 30 мың автомобиль шығару жоспарланып отыр. Екінші кезеңде көліктер санын 45 мыңға дейін жеткізуді көздейді мамандар. Ал жобаға құйылатын инвестицияның жалпы көлемі – 25 миллиард теңге. Айта кетейік, зауыт ісіне меншікті қаражаттан бөлек коммерциялық мақсатта алынған қарыз сомасы да тартылады. Сондай-ақ өндіріс ошағында 700-дей жаңа жұмыс орны ашылады.
Зауыттың алғашқы кірпішін қалау үшін Оңтүстік Кореяның Сауда, өндіріс және энергетика министрі Сон Юн Мо мен Нyundai Мotor Сompany компаниясының стратегия бойынша президенті Конг Ян Вун арнайы келген екен Алматыға.
2020 жылы аталмыш кәсіпорында Hyundai маркасының Қазақстанда таныстырылған барлық түрі құрастырылатын болады. Сонымен қатар, Hyundai топтамасындағы жеңіл көліктердің бірін және Creta кроссоверін толық цикл бойынша өндіру жоспарда бар. Көліктердің жартысы Орта Азия елдеріне сатылатын болады.