Қазақстан суға өте мұқтаж елдердің қатарына кіруі мүмкін – Премьер-Министр
шартты сурет
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан Үкіметі алдында 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтты.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазір аса маңызды жұмыстардың бірі – елдегі су ресурстарының тапшылығын шешу.
"Қазір бұл көрсеткіш қалаларда – 98 пайыз, ауылдық елді мекендерде 94 пайызды құрап отыр. Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте атап өткендей, Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсу мәселесін шешуді талап етеді. Бұл ретте суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Ал көптеген азамат суды үнемдегісі келмейді", – деді Смайылов.
Смайылов облыс әкімдіктерімен бірге Индустрия және Экология министрліктеріне тапсырмалар берді. Ол биылдың соңына дейін қалалар мен ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
- Индустрия министрлігі Экология министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп еліміздегі сумен жабдықтау инфрақұрылымына мониторинг жүргізіп, 1 ай мерзімде Үкіметке апат қаупі аса жоғары объектілердің тізбесін енгізуі тиіс.
- Суды ұтымды пайдалану мақсатында Ұлттық экономика министрлігі Индустрия және Экология министрліктерімен бірлесіп 1 ай мерзімде суға жаңа тарифтік саясатты енгізу бойынша нақты ұсыныстар енгізуі қажет.
- Экология министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары созылып кеткен барлық ауызсу жобаларының аяқталуын қамтамасыз етуі керек.