Маралдыдағы фабрикаға қатысты шешім заңнама аясында қабылданады
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Маралды ауылындағы фабрикаға және оның жұмысына қатысты кез келген шешім қатаң түрде еліміздің қолданыстағы заңдарына сәйкес қабылданатынын айтты.
Қазіргі күні Күршім ауданы Маралды ауылында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі құрамында алтын бар кенді өңдейтін алтын өндіру фабрикасының құрылысына қарсылық білдіруде, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аталған жобаның бастамашысы – «ВСАМ Продакшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ауыл тұрғындары фабрика жұмысы, соның ішінде жарылыс жұмыстары мал жайылатын жерлерге зиян келтіріп, аймақтың экологиясына кері әсерін тигізеді деп алаңдауда.
Қазіргі уақытта облыс әкімінің орынбасары мен жауапты мамандар тобы аталған министрлікте жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ «Алтын өндіру фабрикасының қызметінде қоршаған ортаға, адам денсаулығына қауіпсіз технологияларды пайдалану, оның ішінде натрий цианидін қолдану, оны ауыстыру мүмкіндігін қарастыру және Маралды ауылы маңындағы карьерді қолданысқа енгізу әсерін бағалау туралы» тәуелсіз экологиялық сараптама жүргізу үшін Л.Гумилев атындағы университет ғалымдары тартылған.