Маралды ауылының тұрғындары алтын өндіру фабрикасын салуға наразылық білдірді - Күршім
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының 10-ға жуық елді мекенінің тұрғындары Маралды кентінде алтын өндіру комбинатын салуға қарсылық білдіріп жатыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кәсіпорын құрылысы табиғатқа залал келтіреді.
Бірнеше жыл бойы өңірде алтын өндірумен айналысатын компания өкілдері жұмыс заң аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Соған қарамастан алтын өндіру фабрикасын салу үшін айтарлықтай аумақ қазылды, бұл жайылымды жерлердің азаюына әкелді. Ал тұрғындар бұған наразылық танытуда. Өйткені төрт түлікті қазаншұңқырдың жанында жаюға мәжбүр.
Алтын өндірушілердің жұмысы жайылымдық жерлердің азаюына ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың өміріне де теріс әсер еткен көрінеді. Су қоймасындағы балық саны азайып, Күршім өзеніне қауіп төніп тұр, дейді тұрғындар.
"Күн ыстық, ауылдағы жолдың бәрі шаң, демалатын ауа жоқ. Сондықтан тұрғындар үйден шықпауға тырысады. Балалар жиі ауыра бастады. Құрылыс енді басталып жатыр, бірақ жағдайымыз мынау. Зауыт жұмыс істей бастағанда не болады?", - деді Маралды ауылының тұрғыны Әділ Қожықов.
"Жұмыс ескі шахтер әдісімен емес, ашық тәсілмен жүргізілетін болады. Бұл өте зиян. Өскеменнің жанындағы Секисовка кенті цианидтен зардап шекті. Бұл қайталанбауы керек. Егер осы жерден шығатын болса, бәрі Ертіске түсіп, жақын маңдағы ауылдарға зиян келтіреді", - деп алаңдайды Күршім ауылының тұрғыны Нұрбек Байтұрсынов.
Маралды ауылына экология министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов келіп, кәсіпорын құрылысына рұқсат беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдауларға қатысты.
"Халық бірауыздан фабриканың құрылысына келіспейтінін жеткізді. Біз мұны өз көзімізбен көрдік. Жобаға экологиялық сараптама жүргізіліп жатыр. Сәйкесінше біз міндетті түрде қоғамдық тыңдау хаттамасын алып, онда қойылған барлық сұрақты назарға алып, шешім қабылдаймыз", - деді Зулфухар Жолдасов.
Алтын өндіретін зауыттың құрылысына қатысты шешім шілде айының соңында жарияланады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары бір айға тоқтатылды.