ШҚО-да төрт жүз шақырымға жуық жол жөнделеді
Фото: ШҚО ӨКҚ
Биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелері бойынша 97 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалардың жалпы құны – 28,4 млрд теңге. 392 шақырым жол жөнделуі тиіс.
Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Облыстың автомобиль жолдарының жалпы желісі 5265 шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 1238 шақырымды, облыстық жолдар 1587 шақырымды, аудандық жолдар 2440 шақырымды құрайды. Облыстық маңызы бар жолдардың 186 шақырымына, аудандық маңызы бар жолдардың 72 шақырымына, елді мекен көшелерінің 134 шақырымына жөндеу жүгізу жоспарлануда, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.
Бүгінде жоғарыда аталған 392 шақырым жолдың 215 шақырымы жөнделді, яғни жұмыс көлемінің 54 пайызы орындалды.