Сапалы өнім: ШҚО-да талап бұзған кәсіпкерлер айыппұл арқалады
көрнекілік сурет: kartinki.pics
Өнім сапасын қадағалау – тұтынушы құқығын қорғаудағы басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта «Сапалы өнім» жобасы жүзеге асырылады.
Жоба аясында қоғамдық бірлестіктер заңнама нормаларын ескере отырып, тауар өткізу орындарына барып фото, аудио, бейне тіркеуді қолдану арқылы қоғамдық бақылауды жүргізеді.
Мәселен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі «Аманат» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік тілде таңбаланбаған сүт өнімдері іріктеп, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына қайта жөнелтті.
Жұмыс алгоритміне сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары үш түрлі өнім сатып алған, оның 13 данасы таңбалаусыз болып шықты:
- ультрапастерленген сүт 3,2%, «Органическое» – 28 дана, оның ішінде 3 дана таңбалаусыз;
- ультрапастерленген сүт 3,2%, «Молоко которым мы гордимся» – 53 дана, оның ішінде 4 дана таңбалаусыз;
- ультрапастерленген сүт 3,5%, «Professional line» – 43 дана, оның ішінде 6 дана таңбалаусыз.
Сондай-ақ бірқатар тамақ өнімі зертханалық зерттеуге алынған. Бұл жерде тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бұзылғаны белгілі болды.
Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кәсіпкерлер 150 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады.