Қараөткелдіктер құтқарушыларға алғыс білдірді – ШҚО
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Самар ауданындағы облыстық маңызы бар Көкжота-Қараөткел жолына қарғын су жайылған болатын. Тиісті жұмыс жүргізілгеннен кейін су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді.
Қараөткелдіктер құтқарушылар мен еріктілерге алғыс білдірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен еріктілер табиғи апаттан қорғауға арналған қапшықтарды төсеп, ауылдың арық жүйесін нығайтты. Сондай-ақ олар арнайы техникамен судың жолын бөгеп, ауылдықтарға да көмек көрсетті.
Құтқарушылармен бірге Қараөткелге барған Самар ауданының әкімі Нұрлан Махамбетов жергілікті халықпен кездесіп, су деңгейін бақылап қайтқан. Тұрғындар көмек қолын созғандарға ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, аудандағы су басу қаупі бар аумақтарда тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған. Су тасқынына байланысты жағдай жергілікті атқарушы органның жіті бақылауында.