ШҚО: Дүкендерде неге өз өнімдеріміз аз? (видео)
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев «Ауыл аманаты» қаржысын өсімдік шаруашылығына, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына көбірек бөлуді тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өйткені қазір аталған бағдарламамен бөлінетін қаржының дені мал шаруашылығына бағытталып, өсімдік шаруашылығына 1 пайызы ғана жұмсалып отыр.
– Мен қалада болсын, ауылда болсын қай дүкенге кірсем де сөредегі өнімдерге назар аударамын. Консервіленген өнімдерге қараңыздар. Тауардың 99 пайызы сырттан әкелінген. Жергілікті өнімдер мүлдем аз,– деді ШҚО әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, Глубокое ауданының әкімі 6 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық бар деп баяндаған. Бірақ олардың өнімдері қаланың сауда орындарынан көрінбейді. Неге?
– Жуырда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз саудалау үшін қаланың ортасынан сауда кешенін аштық. Өкініштісі ол жерден бірде-бір ауданның өнімін көре алмадым, – деді Ермек Көшербаев.
Осы орайда облыс әкімі жауапты сала басшыларына «Ауыл аманаты» бағдарламасын ауыл шауашылығын, оның ішінде өнім өңдеуді дамытудың бір құралы ретінде қарастыруды тапсырды.