ШҚО-дағы жер үй өрті: Үй иесі өртті сөндірмек болып, уланып қалды
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны өртеніп жатқан үйін сөндірмек болып, газға уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға кеше кешке Ұлан ауданының Герасимовка ауылында болған.
– Әйел адам жұмыстан қайтып келе жатып, үйінің өртеніп жатқанын көрген. Дереу өрт сөндірушілерді шақырып, артынша өзі де өртті сөндіруге кірісіп кеткен. Өкінішке орай, үй иесі уланып, ауруханаға түсті, – деп мәлімдеді ШҚО ТЖД.
Департамент мәліметіне сүйенсек, өрттің жалпы ауданы – жүз шаршы метр. Сондай-ақ бөлмелердің бірінде орналасқан газ баллондарының жарылу қаупі болған көрінеді. Мамандардың айтуынша, жылыту пешін пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасының сақталмауы өрттің шығуына бірден-бір себеп болған.