Алтайда толассыз жаңбыр жауып тұр
шартты сурет: depositphotos.com
Алтай ауданында екі күннен бері толассыз жаңбыр жауып тұр. Жаңбыр мен қарғын су салдарынан Березовка өзені көтеріліп, Соловьево ауылындағы 7 үйдің маңын су басты. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігі бірқатар шара қолданып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жергілікті атқарушы орган өкілдері халыққа ватсап арқылы хабарлама жолдап, жадынама таратты. Кәмелетке толмаған балалар қауіпсіз жерге жеткізілді. Мектепте 25 адамға арналған эвакуациялық пункт жабдықталған.
Полиция бөлімінің қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Березовка өзеніндегі көпірді тасқын су шайып кетпес үшін қосымша арна салынды. Қосымша бес арнайы техника іске жұмылдырылды.
Соловьев орта мектебінің 140 оқушысы 11 сәуірден бастап онлайн форматта оқиды.