Қалдық су қоймасынан артық су жіберілмеді – Алтай ауданы
шартты сурет: depositphotos.com
Әлеуметтік желілер арқылы «Казцинк» кәсіпорнына тиесілі қалдық су қоймасына кіреберіс тұстан түсірілген кадрлар тарап жатыр. ШҚО әкімінің баспасөз қызметі қоймадан артық су жіберілмегенін мәлімдеді.
Сонымен қатар жауын-шашынның, қардың қатты еруі мен көлбеу ағындардың салдарынан Березовка өзенінің арнасы кеңейді. Өзен үстінен өтетін көпірді бүлінуден, ал жағалаудағы үйлерді су тасқынынан сақтау үшін Соловьево - Новокрестьянка автожолы артық суды өткізу үшін ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Елді мекендерге төнетін қауіп жоқ. Жағдай бойынша жергілікті мекемелерде арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Тұрақты мониторинг жүргізілуде. Қауіптің алдын алуға 2 тиегіш, 1 экскаватор, 2 трактор жұмылдырылды, тұрғын үйлерді су баспас үшін қосымша 200 қап инертті материал төселді.
«Казцинк» ЖШС-да жоспар бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілді. Жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары жүзеге асуда. Ал бейнеде Соловьево ауылынан Березовка өзенінің ағынды суы автожолдың технологиялық учаскесі арқылы өткені көрсетілген, ол бойынша қалдық қоймасынан бөгетті нығайту үшін инертті материалдар әкелінеді.
Малеев ауылдық округінде жағдай тұрақты. Бұқтырма өзенінің деңгейі қазір – 464 см. Аудан әкімдігі тұрғын үйлерді тасқыннан қорғау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдады. Бөгет нығайтылды, 37 су өткізгіш тазартылды, 1 мың қап инертті материал төселді.