Алтайда су тасқынына байланысты жағдай тұрақты
көрнекілік сурет: almaty.tv
Алтай ауданында су тасқынына байланысты жағдай тұрақты. Қазіргі уақытта мамандар тәулік бойы бақылау жүргізуде.
Өзендердегі су деңгейіне үш гидропост арқылы күнделікті мониторингі жасалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан әкімдігі кез-келген жағдайға дайын болу үшін жыл басында жауапты тұлғалардың, коммуналдық кәсіпорындардағы авариялық бригадалардың кезекшілік кестесі жасаған. Қазіргі уақытта осы кесте бойынша жұмыс атқарылып жатыр.
Алтай қаласының Бажов көшесінде орналасқан сорғы станциясы тұрғын үйлерге қарғын судан қауіп төнген жағдайда күшейтілген режимге көшіп, қосымша сорғыларды іске қосады.
Сондай-ақ наурыз айының басында ҚР ТЖМ №68303 әскери бөлімінің қызметшілері Алтай ауданына барып, су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарына қолғабыс етті. Әскери қызметшілер бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс жүргізді.
Аудан әкімдігі су өткізгіш құрылыстар мен көпірлерді, су бұру арналарын тазарту үшін мердігер ұйымдармен келісімшарт жасасқанын айта кетейік. Бүгінде тазалық жұмыстары аяқталған. Жыл басынан бері аудан бойынша 39,2 мың текше метр қар шығарылды.
Бұқтырма өзенінің бес учаскесі – Зубовск, Тұрғысын, Малеевск, Богатырево және Быково ауылдарының тұсында мұз жару жұмыстары жүргізілді. 113,5 мың шаршы метр аумақтың мұзы ұсақталды.
Мамандардың айтуынша, мазасыз маусымда судың қауіпті деңгейі мынандай: Бұқтырма өзенінде – 5,30 м, Тұрғысында – 4,0 м, Березовкада – 2 м.