ШҚО-да Жаңа жылды ауруханада қарсы алатын балаларға мерекелік көңіл күй сыйлайды
Облыс орталығының тұрғындары "Казцинк" компаниясымен және "Торпедо" хоккей клубымен бірлесіп жаңа жылды ауруханада қарсы алуға мәжбүр болған балаларға мерекелік көңіл күй сыйлайды. Бұл шара дәрстүрлі түрде 4 жыл бойы жалғасып келе жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аталмыш қайырымдылық акциясына кез келген қала тұрғыны ерікті түрде қатыса алады. Ол үшін желтоқсан айында @hctorpedokz хоккей клубының кез-келген ойынына жұмсақ ойыншық әкеліп, соңғы сирена дыбысынан кейін оларды мұзға лақтыру керек.
Желтоқсан айының соңында хоккейшілер Ана мен бала орталығында жатқан балаларға барып, жанкүйерлерден жиналған барлық ойыншықтар мен тәттілер табыстайды.
- Әр жаңа жыл қарсаңында кейбір балалар ауруханада жатады. Оларда басқа бүлдіршіндер сияқты жаңа жылдың сиқырына сенеді. Сондықтан біз кішкентай ғажайып жасап, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлаймыз. Бұл акцияның дәстүрге айналғаны бізді қуантады. Осының арқасында біз жүздеген балаларды қуантамыз, - дейді "Казцинк" әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Айта кетейік, санитарлық талаптарға сәйкес акцияға тек жаңа жұмсақ ойыншықтар ғана қабылданады.