KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Министр Цой вакцинаны қайта салу шаралары туралы айтты

27.09.2021, 17:05 212

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцинаны қайта егу жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазіргі кезде барлық мемлекет үшін ревакцинация мәселесі өзекті болып тұр. Қазақстанда арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына жетекші клиницист-ғалымдар, дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары енді. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымнан және халықаралық агенттіктерден қажетті ақпаратты алдық. Қазіргі кезде барлық тәжірибе жан-жақты зерделеніп жатыр. Бүгінде нақты талап жоқ. Өйткені COVID-19 – жаңадан шыққан вирус", - деді Цой үкіметтің баспасөз қызметінде өткен онлайн брифингте.

Министрдің айтуынша, барлық ақпарат зерделенгеннен кейін халықты иммундау жөніндегі комиссия тиісті шешім шығарады.

"Жақын арада сарапшылар тобы өз қорытындысын шығарады. Жалпы, отандық медицина саласы дайын. Шешім шығарылғаннан кейін толыққанды жұмыс істей аламыз", - деп атап көрсетті Цой.

Айта кетері, тамыздың басында денсаулық сақтау министрі вакцинаны қайта салдыру мерзімі туралы айтқан болатын. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда халықтың басым бөлігі маусым-шілде айларында екпе салдырды. Сол себепті әзірше антиденелердің деңгейі әлі жоғары болып тұр. Ал ревакциналауды 9 айдан кейін жасауға болады. Дегенмен екпені ақпан айында салған адамдар да бар.

"Мәселен ақпан айында алғашқы болып вакцина салдырған адамдарға қазан айына қарай екпені қайта салу қажет. Оның уақыты шамамен 1 қазан", - деді Цой отырыстардың бірінде.

Қазақстан ревакциналау тәртібін пысықтап алғаннан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен консультация жүргізеді. Содан кейін ғана вакцинаны қайта салу шаралары басталады.




Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу