Алаяқтар Tinder әлеуметтік желісі арқылы 4 млн теңгені қалтаға басқан
Бас прокуратураның мәліметінше, Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Ол танысуға арналған Tinder қосымшасында әйел адамның атымен «Нұрай» деген жалған аккаунт ашып, жәбірленушіні алдаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті Tinder-де өзін қыз ретінде таныстырып, парақшасында Telegram желісіне сілтеме қалдырған. Кейін Telegram мессенджерінде бейтаныс қыздың суретін пайдаланып, жалған аккаунт арқылы жәбірленушімен ұзақ уақыт хат алмасқан. Ол сенімге кіріп, кездесуге уәде бергенімен, түрлі сылтауларды алға тартып, үнемі ақша сұрап отырған.
Қаскөйдің алдауына түскен жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде оған 4 миллион теңгеден астам қаржы аударған.
Сот айыпталушыны ақпараттық жүйені пайдалану арқылы ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Істі қарау барысында оның жасаған ісіне шын өкінуі, келтірілген материалдық шығынды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескерілді. Нәтижесінде сот шешімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Бас прокуратура интернет арқылы жасалатын алаяқтық фактілері әлі де жиі тіркеліп отырғанын атап өтеді. Мамандар азаматтарды виртуалды таныстармен қарым-қатынаста барынша сақ болуға, жеке деректер мен қаржылық ақпаратты бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Күдікті жағдай туындаған кезде бірден құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Интернеттегі шектен тыс сенім үлкен материалдық шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан алаяқтардың арбауына түспей, әрбір ақпаратты мұқият тексеру маңызды.
Осыған дейін зейнеткерге жасалған алаяқтық әрекет полицейлердің қырағылығы арқасында тоқтатылғандығын жазған болатынбыз.