Шығыстағы ең суық мекен: Парыгино ауылында ауа температурасы -50°С-қа жетті
Шығыс Қазақстан облысының Парыгино ауылында ауа температурасы рекордтық деңгейге дейін төмендеп, -50 градусқа жуықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осылайша, қазіргі уақытта Парыгино өңірдегі ең суық елді мекен болып отыр. Мамандар алдағы күндері аяздың одан әрі қаһарына мініп, күшеюі мүмкін екенін болжауда. Дегенмен, жергілікті тұрғындар мұндай аязға үйренгендерін айтып, сабыр сақтауда. Мұнда қатты суық тұрғындар үшін де, коммуналдық қызметтер үшін де таңсық емес.
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, ауа температурасының айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, барлық төтенше және коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеуде.
Бүгін Парыгино ауылында ауа температурасы -45°C-қа дейін, кей жерлерде -50°C-қа дейін төмендегені тіркелді.
Халықты жедел ақпараттандыру мақсатында ауылда арнайы WhatsApp тобы жұмыс істейді. Онда тұрғындар туындаған мәселелер мен қазіргі жағдай туралы хабарлап отырады.
Парыгино ауылдық округінің әкімі Ғани Төлековтің айтуынша, сумен қамту мәселесі мен екі су мұнарасының жұмысы тұрақты бақылауда. Ауыл тұрғыны Ирина Слюшкина мұндай ауа райы жағдайы жергілікті халық үшін қалыпты екенін айтады. Оның сөзінше, тұрғындар өңірдің қатал климатын ескере отырып, қысқа алдын ала көмір мен отын дайындайды.
Парыгино ауылы аудан орталығы – Алтай қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан. Округте 905 адам тұрса, оның 833-і Парыгино ауылында тұрады.
Шығыс Қазақстан облысының өзге аумақтарында да аяз күшейді. Синоптиктердің мәліметінше, Өскемен қаласында ауа температурасы -31 градусқа дейін төмендеген. Алтай ауданының елді мекендерінде -44 градустан төмен көрсеткіштер тіркелсе, Күршім ауданында -35 градусқа дейін суытқан.


