Шығыс Қазақстан облысында футболды дамыту жаңа белеске көтерілді
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде ең бұқаралық әрі көпшілік сүйіп тамашалайтын спорт түрлерінің бірі – футболдың қазіргі ахуалы мен даму келешегі талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кеңес барысында өңірдің басты командасы – «Алтай» футбол клубының жұмысына айрықша назар аударылды. Бүгінде тиімді менеджмент пен жүйелі даму стратегиясының арқасында клуб айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. 2024 жылғы маусым қорытындысы бойынша Бірінші лигада өнер көрсеткен «Алтай» енді Премьер-лигаға жолдама жеңіп алды. Бұл жетістік клуб үшін ғана емес, тұтас өңірлік футболдың даму тарихында маңызды оқиға ретінде бағаланды.
Сонымен қатар, кәсіби футболды дамытумен қатар балалар мен жасөспірімдер футболына басымдық беру мәселесі де негізгі бағыттардың бірі екені атап өтілді. Қазіргі таңда облыста футбол академиясы жұмыс істейді. Барлық қала мен ауданда секциялар ашылған. Бүгінде 600-ден астам бала футболмен жүйелі түрде шұғылданса, олармен 35 кәсіби жаттықтырушы жұмыс жүргізуде. Футболға деген қызығушылықтың артуы матчтардағы жанкүйерлер белсенділігінен де байқалады – стадиондарда көрермен саны көбейіп, командаларға қолдау күшейе түскен.
Өңір футболының тағы бір мақтанышы – 2015 жылы туған жасөспірімдер құрамасы. Жас футболшылар Болгарияда өткен халықаралық чемпионатта жеңіске жетіп, ел абыройын асқақтатты. Бұл жетістік балалар футболын дамытуға бағытталған жұмыстың нақты нәтижесін көрсетіп, болашақта қазақстандық футболдың әлеуетін арттыруға мүмкіндік бар екенін айқын дәлелдеді.
Кеңес барысында саладағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Облыстағы 24 футбол алаңының жетеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты қатысушылар балалар футболын қолдауға меценаттар мен бизнес өкілдерін белсендірек тарту қажеттігін атап өтті. Бұл – өскелең ұрпақтың денсаулығы мен салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызды бағыттардың бірі.
Сондай-ақ, жабық футбол алаңын салу бастамасы да жеке қаралды. Мұндай өтінішті жас спортшылар Мемлекет басшысымен өткен кездесулердің бірінде көтерген болатын.
Қазіргі уақытта Өскемен қаласының 22-шағын ауданында, «Алтай» өңірлік сауда орталығының маңында көпфункционалды спорт кешенінің жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өту кезеңінде тұр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов хабарлады.
Аймақ басшысы жауапты салалық құрылымдарға жобаның іске асырылуын ерекше бақылауға алуды және 30 наурызға дейін құрылыс жұмыстарының нақты басталу мерзімін айқындауды тапсырды. Оның айтуынша, футбол инфрақұрылымын дамыту – бұл тек спорт саласына ғана емес, өңір тұрғындарының денсаулығына, тәрбиесіне және болашағына бағытталған стратегиялық инвестиция.