ШҚО-да бір жылда МӘМС-пен қамтылмағандар саны 25%-ға қысқарды
Шығыс Қазақстан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен қамтылмаған азаматтар саны айтарлықтай азайды. 2026 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша өңірде сақтандырылмаған тұрғындардың үлесі 11%-ды, яғни, 80 026 адамды құрады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл деректер Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіндегі негізгі өзгерістерді түсіндіруге арналған брифингте айтылды.
Салыстыру үшін айта кетсек, өткен жылы облыста МӘМС жүйесінен тыс қалғандар саны 106 583 адам болған. Осылайша, бір жыл ішінде сақтандырылмаған тұрғындар саны 25%-ға төмендеген.
Көрсеткіштердің жақсаруы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамаға енгізілген, халықты қамту аясын кеңейтуге бағытталған өзгерістердің нәтижесі болды. Атап айтқанда, әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіліп, жекелеген санаттағы азаматтар үшін жарналарды қаржыландыру тетіктері қайта қаралды.
Жалпы республика бойынша бүгінде халықтың 87,6%-ы сақтандырылған. Дегенмен, ел аумағында шамамен 2,6 миллион адам әлі де МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
Енгізіліп жатқан өзгерістер медициналық көмекке неғұрлым әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге және әлеуметтік осал топтар үшін, оның ішінде өңірлік деңгейде де әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Дамир Омаров
Аударған: Айна Бакимбаева




